KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
488.45 529.19 5.04

ШҚО-да елімізде жоқ бірегей өнім шығарып жатыр

суреттер автордікі
суреттер автордікі
9.01.2024, 12:10 574

Глубокое ауданының Ушанов ауылындағы Мedovarnyakz фирмасы елде жоқ өнім – табиғи бал сусындарын шығарып жатыр. Шығысқазақстанның брендтік өнімінен бес түрлі өзгеше шырын тұнбасын алып жатқан шағын кәсіпорын былтыр шай өндірісін іске қосып, қауыннан қытырлақ чипсілер шығара бастады.

Кәсіпорын басшысы Алмас Таңғытұлы алдағы уақытта балдан кәмпит жасау өнірісін ашуды көздеп отыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

«Медовая марка» сауда белгісімен өндіріліп жатқан құрамында спирті жоқ бес түрлі бал сусындары Астана, Алматы, Талдықорған, Қарағанды, Көкшетау қалаларында, өзіміздің облыстың орталығындағы 80 сауда орнында, Алтай, Риддер қалаларында сатылып жатыр. 

Шағын кәсіпорнының екінші бағыты – агротуризм. Кәсіпорын қазақстандық туристік агенттіктер арқылы аймаққа келген туристерді  Ушанов ауылындағы бал сусыны, шай өнідірістерімен таныстырып, жергілікті агробизнестің, ауылдардың жағдайын, мүмкіндіктерін көрсетуде. Кәсіпорын ашылған екі жылдан бері ауылдағы бал сусындары өндірісін көруге бірнеше елден шетелдік туристер тобы келіп кеткен.

– Шетелден келген туристерді біздің зәулім үйлеріміз қызықтырмайтыны белгілі, көргісі келетіндері - ауылдарымыздың, ауылдағы агроөндірістің өмірі, тірлігі. Өкініштісі елімізде өндіріс, оның ішінде агроөндіріс кенже қалып отыр. Шемонайха ауданында біздің үлкен омартамыз болды, бірнеше алқапқа бөліп, орналастырып ұстап келдік. Бал сусыны өндірісіне қажетті шикізатты осы уақытқа дейін содан алып отырдық. Ара шаруашылығын дамыту үшін жер керек. Бұл мәселе бізде, бүкіл елімізде шешілмеген. Жердің болмауынан және өндірісімізді өркендету үшін қомақты қаржы салу қажеттігі туғандықтан былтыр ара шаруашылығын сатып жібердік, -дейді Алмас Таңғытұлы тиімді пайдалана білсе, жақсы қолдау көрсетілсе елімізде агротуризмнің болашағы зор екендігін айырықша айтып.

Алмас - Қазақстандағы агро және ауылдық туризм қауымдастығы төрағасының орынбасары. Кәсіпкердің мақсаты өндіріс түрлерін дамыта отырып ауылды көркейту, ауыл туризмін өркендету.

 Аталмыш кәсіпорында 20 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын жұмысшылары жазда кәсіпорын есебінен Алакөлде бес күн демалып қайтқан. Ауыл жастары жаз айларында кәсіпорындағы шай өндірісіне қажетті шөптер мен өсімдіктерді жинауға көмектесіп, табыс тауып жүр. Ауылда ашылған жаңа өндіріс шикізаттық қоры аса мол балды қайта өңдеп, пайдалы өнім шығаруға мүмкіндік беріп, жергілікті тұрғындарға да осылай шапағатын тигізіп жатыр.

Жанаргүл Мұқатай

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив