KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 3 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

«Қарызсыз қоғам» қаржылық мәселелерді шешуге көмектеседі (Видео)

5.02.2024, 14:23 261 Ләззат Қанатқызы

 ШҚО-да AMANAT партиясының бастамасымен  «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық саутылығын арттыру бойынша тапсырма берген болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты – азаматтарға қаржылық және құқықтық көмек көрсету, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, азаматтардың банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша проблемалық қарыздарын шешуге көмектесу.

-          «Қарызсыз қоғам» жобасы өңірдің барлық қалалары мен аудандарында жүзеге асырылады. Бүгін қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған оқу Өскемен, Риддер қалалары мен Шемонаиха, Глубокое аудандарында бастау алды. Жыл соңына дейін белгіленген кесте бойынша барлық аудандарда халықты қаржылық сауаттылыққа оқытамыз. Өкініштісі елімізде адамдардың көбі қаржылық қиындықтарға тап болып жатады. Мұның арты отбасындағы ұрыс-керіске әкеп соғуы мүмкін. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін аталған жобаның берері көп, - дейді ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов.

Ниет білдіруші азаматтар бес күн бойы жалпы бағдарлама бойынша білімдерін арттырып, түстен кейін қатысушының қалауына қарай жеке кеңестер беріледі. Оқуға ниетті адамдардың саны да күн сайын артып келе жатқанға ұқсайды. Оларға Астана қаласында арнайы курстан өткен менторлар дәріс оқитын болады.

-          Қазір несиесі жоқ адам кемде-кем. Статистикаға сүйенсек, елімізде миллионнан астам адам несие мерзімін өткізіп алған. Бұл үлкен мәселеге айналды. «Қарызсыз қоғам» жобасы қарапайым адамды осындай қиындықтардан сақтайды. Қаржылық сауатын арттырады. Одан бөлек қосымша табыс пен отбасылық бюджет туралы да ақпарат беріледі. Облыс көлемінде 6500-ге жуық адамды тегін оқытуды жоспарлап отырмыз, - деді «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы Ермек Жұмағұлов.

Қалалық мәнсап орталығының директоры Арайлым Есімбекованың айтуынша, елімізде қаптап кеткен «займ» мен «микрокредиттің» кесірінен шоты бұғатталғандардың ішінде студенттер де бар. Бұл болашақ жас маманның тұрақты жұмысқа тұруына кедергі келтірмек. Осы мәселені шешу үшін курсқа колледж ұстаздары да ерікті түрде қатысып жатыр.

-          Осы жоба арқылы қаржылық сауатымды арттырып, студенттеріме білгенімді үйрету үшін қатысып жатырмын. Себебі қазір шағын несие ұйымдары 18 жастан бастап несие береді. Студенттер ондай жерлерден оңай ақша алып, артынша төлей алмай қалады. Ол кейін тұрақты жұмысқа орналасуына кедергі болады. Осы бойынша заңнамаға өзгерістер енгізілсе екен деген ұсыныс бар, - деп түсіндірді жоба қатысушысы Данияр Рыскелдиев.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу