ШҚО-да 7 мың адам қаржылық сауаттылық курсынан өтеді
Биыл «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 60 мың ел тұрғыны қаржылық сауаттылық курсынан өтеді. Ал Шығыс Қазақстан облысында курсқа 7 мың адам қатысады деп жоспарланған.
16 қазаннан бері 250-ден астам өңір тұрғыны курстан өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жалпы бұл жоба Halyk Bank пен «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып келеді.
– Қаржылық сауатсыздықтың салдары орасан. Адамдар қарызы көбейген соң қомақты несиеге ұрынады. Несие алған кезде банктің үстемесін есептеп жатпайды. Соңында ай сайынғы берешегі табысынан асып түседі. Төлей алмаған соң, есепшоты бұғатталады. Олардың қатарында алаяқтарға алданып қалғандар, құмар ойындарға тәуелді болғандар мен банк борышкерлері бар. «Қарызсыз қоғам» жобасы қаржыны тиімді жұмсауға, өз мүмкіндігіңді саралауға үйретеді», - дейді «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова.
«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушыларға жоғары оқу орындарының оқытушылар және банк саласының қызметкерлері дәріс оқиды. Қазақ және орыс тобына бөлінген қатысушылар кесте бойынша келіп курсқа қатысып, өзіне керекті ақпаратты алып қайтады.
- Осы жобаға қатысқан соң өз қаражатымды тиімді жұмсауды, артық шығындарға ұрынбауды үйрендім. Сонымен қатар отбасылық кіріске жоспар жасап, қаражатты мақсатты түрде жұмсауды меңгердім. «Қарызсыз қоғам» жобасы, әсіресе, қарапайым адамдар үшін өтте қажетті жоба дер едім, - дейді жобаға қатысушы Назгүл Құсайынова.