Биыл 9 инвестициялық жоба жүзеге асады - ШҚО
көрнекілік сурет: gov.kz
Шығыс Қазақстан облысында биыл тоғыз инвестициялық жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл туралы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мәлімдеді.
Ең ірі жобалардың бірі – «Алтай» көтерме-тарату орталығы құрылысының екінші кезеңі. Инвестиция көлемі – 11,9 млрд теңге. Облыс орталығында салынып жатқан бірегей нысан құрылысының бірінші кезеңі жоспарға сай 2023 жылдың соңында аяқталған. Жалпы, жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы өнімдерін сапалы күйде сақтап, ішінара өңдеп, фермерден тұтынушыға делдалсыз сатуға мүмкіндік туғызу.
Сондай-ақ Глубокое ауданында жұмыс істеп тұрған «ALTYN MM» кәсіпорны жаңғыртылады. Бұған дейін мұнда жылына 800 мың тонна кен өндірілсе, енді өндіріс көлемін 1 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Ал облыс орталығында КФК «МедСервис Плюс» ЖШС деп аталатын сауда-өндірістік кешенінің құрылысы жүргізіледі.
Шығыс Қазақстан облысы 2024 жылы негізгі капиталға инвестиция ретінде 932,2 млрд теңге тартуы тиіс. Бұл Ұлттық экономика министрлігі бекіткен жоспар. Бейінді басқарма басшысының міндетін атқарушы Ольга Григорьеваның айтуынша, кейбір қала-аудандарда тапсырма орындалмай жатқан көрінеді.