KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
519.28 540.05 5.31

Қайыңды алқапта бұғылар жүр

2.05.2024, 17:09 217 Жанаргүл Мұқатай

Өскеменнің ерекше демалыс орнына айналған сол жағалаудағы хайуанаттар бағы былтыр еуропалық аквариумдер мен хайуанаттар бағы  қауымдастығының құрамына енді. Әлемдік  тиімді тәжірибелерге сүйене отырып жұмыс істеп келе жатқан қауымдастыққа мүше болу хайуанаттар бағын келушілерге, аңдар мен құстарға қолайлы етіп құруға, дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Былтырғы жаздан бері бақтағы аңдар мен құстардың тұрағы кеңейтіліп, оларға табиғи ортаға тән жағдайлар туғызылып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аңдар табиғатқа жақындай түспек

Өскемендіктердің ғана емес, өңіріміздің жан-жақтағы ауылдарынан облыс орталығына қыдырып келіп жатқан бала біткеннің бәріне қуаныш пен шаттық сыйлап жатқан аңдар мен мен құстардың мекені –қаладағы ең көрікті демалыс орнының бірі. Темір тордың ар жағында қамалып тұрғаны болмаса олардың азығы мол, үйшіктері, қоралары, шомылып, серуендейтін алаңқайлары таза. Оларға дала мен ормандағыдай емін-еркін жүретін жайлы жағдай жасау үшін өткен жылдан бастап қоршаулардың аумағы барынша кеңейтіліп  жатыр.

Юлия Павленко, сол жағалау этнографиялық мұражай- қорығы кешені хайуанаттар бағының биологы:

– Мамыр айының соңына таман теңбіл бұғыларымыз бұзаулайды. Бізде барлығы 14 теңбіл бұғы бар. Айнала тыныштық, ештеңеден үрікпейді. Теңбіл бұғылар былтыр этнографиялық кешендегі қайыңдар алқабына ауыстырылып, міне, қазір тоғайдың ішінде өздерін маң далада жүргендей сезініп жүр. Қазір тұяқты жануарлардың түлейтін мезгілі. Сондықтан олар кейбір келушілердің айтып жүргендеріндей қыстан жүдеу шыққандай болып көрінуі мүмкін, бірақ олай емес, дала еркелеріне барлық жағдай жасалып жатыр. Көк қуалап жайылатын жануарлар алдымен бірінші алқапқа, одан соң қатар тұрған келесі алқаптарға жіберіліп отырады. Бір жердің шөбін жеп тауысқанда, келесі алқаптағы жайылым көктеп даяр тұрады. Қосымша дайын шөп, жем, суы күнделікті қойылып отыр. Қараша айында алқаптың ішінен ауданы 50 шаршы метрлік қыстайтын орындарын салдық. Қатты аязда сонда кіріп кетеді. Тор көзді, ашық қоршаулар келушілердің бұғыларды көруіне ешқандай кедергі келтірмейді әрі жануарларға да еркін жайылып жүргендей әсер қалдырады.

Мұнда ауыстырылған соң бұғылардың төлдері де көбейіпті. Теңбіл бұғылар тоғайдың ішіне көшірілгеннен кейін олардың жанында тұрған  тоғыз маралдың да тар қоршаулары кеңейіп қалған, бұзаулары ойнақтап жүр.

Хайуанаттар бағындағы қодастар бір кездері облыстағы шаруа қожалығының иесінен сатып алынған  екен. Екі  қодастың төлі көбейіп алты басқа жеткен. Біреуі Алматыдағы хайуанаттар бағына беріліпті.

Мамыр айында маң-маң басқан үш түйенің қатары биыл тағы бір ботамен толықпақ. Қара ала понилар осында 12 жыл бұрын Семейдегі биологиялық орталықтан әкелінген.

– Аягөз жақтан бертінде көшіп келгенбіз. Бұл хайуанаттар бағына бүгін бірінші рет келіп тұрмыз. Кеше қызым бала-шағасымен келіп, көріп қайттық деген соң ендеше біз де барайық деп немеремді ертіп әдейілеп келдік. Балаларды қойып бізге де қызық осының бәрі. Іші таза, ауасы да таза екен. Бәрін аралап көріп жүрміз, – деп бөлісті бізбен өз әсерін өскемендік көпбалалы ана  Рыскүл.

Көкжалдар азанға қосыла ұлиды

– Бері жүріңіз, сізге бір қызық нәрсені айтайын, - деп Юлия қасқырлар жүрген қоршауға қарай шақырды. – Қасқырлар оқыста көру алаңындағы келушілерге секіріп, шабуыл жасамас үшін төмендегі қоршаудың жоғары тұсын айналдыра электр сымы тартылған. Сымға денесі тиіп кетсе серпіп жібереді. Ол екінші рет бұлай қайталамайтын болады. Өйткені қасқыр – ең ақылды аң. 2022 жылы біздің хайуанаттар бағында халықаралық конференция болып, Түркия, Ташкент, Израйльдегі хайуанаттар бағының өкілдері келді. Олар біздің бақты аралап жүріп, қасқырларға дәл осындай өзгеше вольер (қоршау) жасап қоюға кеңес беріп, идея тастап кетті. Ол кезде қасқырлардың тұрған жері басқаша болатын. Қазір үш қасқырымыз да кең қоршауда, ішінде өздері қазып алған апандары, тау-тасы да бар. Қасқырлардың тіршілігі  келушілердің көз алдында, сырт жақтан жасалған көру алаңына шығып шолып қарауға да, ішкі жағына келіп, жақын жерден көруге де болады.

  Бұл қасқырларды тұрғындар бірнеше жыл бұрын күшік кезінде облыс ауылдарының бірінен әкеліп беріпті. Қасқырдың күшіктері, аюдың қонжықтары, қысқасы, Өскемендегі хайуанаттар бағында жүрген аңдардың барлығы дерлік кезінде мұнда аналарын браконьерлер атып алып кеткенде адамдарға кездесіп, аман қалғандар  немесе жараланып, өлгелі жатқан дәрменсіз күйінде табылып, әкеліп өткізілгендер екен. Қап-қара cусар «харитонды» да былтыр шілдеде Семейде өрт болған кезде құр сүлдері қалған шақта өрт сөндірушілер орман ішінен тауып алыпты. Ал аяғына тиген оқтан жараланып, күзде  Ертіс жағасынан табылған сұңқылдақ аққу әлі емделіп жатыр. Аяғындағы бытыра оқтар алынып, ота жасалғанымен бір аяғы мүлде жерге басылмай қалған.

Хайуанаттар бағындағы ерекше жануардың бірі – пуманы Өскеменге келген цирк қызметкерлері қалдырып кеткен көрінеді.  Аюлардың қонжықтарын бірнеше жыл бұрын Риддер, Ұлан аудандарының тұрғындары тауып әкеліп, өткізіпті. 2018 жылы олардың қатары осында дүниеге келген үш қонжықпен толыққан. Алдағы уақытта орман қожаларының да қоршауы кеңейтіліп, оларға табиғи ортаға ұқсас жағдайлар туғызылмақ.

Хайуанаттар бағы асханасының меңгерушісі, кешеннің орнитология секторының меңгерушісі Маржан Көбешова аңдар мен құстарға берілетін тамақтардың мол екенін, әр аң, әр құс Мәскеу хайуанаттар бағының арнайы бекітілген ас мәзіріне сәйкес мөлшермен  тамақтандырылып отыратынын айтты.

Нұрлан Сейітханұлы, хайуанаттар бағының меңгерушісі:

– Мешітте таңертең азан шақырғанда, намаз оқыла бастағанда, түске таман, кешке таяу қасқырлар да қосылып, ұли бастайды. Осы жерде істеп келе жатқаныма төрт жыл болды. Бұл көріністі күн сайын дерлік байқап жүрміз. Даланың өжет тағылары осылай ұлып жүр. Кісі көп келгенде қосылмайды бірақ. Көктемге дейін жаздық қоршаулардың  бәрін залалсыздандырамыз. Жазда аңдар мен құстардың қысқы орындарын, қыстық қоршауларын түгел залалсыздандырамыз. Біздің баққа келушілердің қатары әсіресе жазда күрт көбейеді. Кіру қыс бойы тегін болды. Өйткені этнографиялық үйлердің бәрі қыста жабық тұрады. Енді осы аптадан бастап билетпен кіреді. Хайуанаттар бағында 12 адам жұмыс істеп жатыр, көпшілігі зейнеткерлер, жастар жағы көп келмейді, қорқады. Келушілерге аңдар мен құстарға тамақ беруге тыйым салынған. Бірақ соған қарамастан беріп жатады. Артық тамақтың, зиянды тамақтың кесірінен ауырып қалатын кездері де жиі кездеседі. Ата-аналар балаларға сақ болуы керек. Кейбір ата-аналар балаларына қарамай, қоршауға жақын қоя беріп жатады. Былтыр жазда бір кішкентай бала тордан қолын сұғып, қасқыр тістеп ала жаздағанын білесіздер. Бұған дейін де осыған ұқсас түрлі жағдайлар болды. Сондықтан үлкендерден балаларға абай болуын сұраймыз.

Биыл жапалақ жылы

Қазақстанда маубас жапалақ биылғы жылдың құсы деп танылды. Еліміздегі биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы мүшелері 2024 жылдың құсын анықтауда маубас жапалақ пен қара сайрақты қатар қойып дауыс бергенде алғашқысы 83% көрсеткішпен озып шыққан екен. Орнитологтар, жапалақ негізінен еліміздің оңтүстік-шығысы мен шығысында кездесетінін айтады. Өскеменнің сол жағалауындағы  хайуанаттар бағында жапалақ жоқ болғанымен, павлин, бүркіт, қаршығадан бастап құстардың 20 түрі, сүт қоректілердің 24 түрі бар. Осыдан бірер жыл  бұрын хайуанаттар бағына жол бойынан табылған жаралы жапалақ жеткізілгенімен, басынан қатты соққы алған құс қатарға қосыла алмапты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу