KZ
Өскемен
-9°
небольшой снег жел 5 м/с, СБ
509.84 595.75 6.47

Шығыс Қазақстан облысында ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті

Бүгін, 11:45 46 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысы жүктеген міндет толық орындалды. Бұл туралы Үкімет отырысында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов мәлімдеді. Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыс тұрғындарының ауыз сумен қамтылу деңгейі 100 пайызға жеткізілді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Аймақ басшысы атап өткендей, өткен жылы жалпы құны 12,9 млрд теңгені құрайтын сегіз ірі жоба аяқталып, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту мәселесі түбегейлі шешімін тапқан.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықты сапалы ауыз сумен жалпыға бірдей қамту жөніндегі тапсырмасының орындалуы қамтамасыз етілді. 2025 жылы жалпы сомасы 12,9 млрд теңгені құрайтын соңғы 8 жоба аяқталып, Шығыс Қазақстан облысы халқының ауыз сумен қамтылуы 100%-ке жеткізілді. Қол жеткізілген нәтижелер соңғы жылдары өңірде жүргізіліп келе жатқан жүйелі жұмыстың заңды жалғасы болып табылады, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Айта кету керек, 2021 жылдан бері облыста 60 жоба жүзеге асырылып, жалпы сомасы 48 млрд теңгеге 112 шағын елді мекенде кешенді блокты-модульдік қондырғылар орнатылды. Сонымен қатар 1 мың шақырымнан астам су құбыры желілері салынды және қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде 48 мыңға жуық облыс тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтылды.

Сумен жабдықтау және суды бұру жүйелерінің тиімділігін арттыру мақсатында облыс орталығында өндірістік процестерді автоматтандыру жобасы әзірленді. Құны 5 млрд теңгені құрайтын бұл жоба қолмен және жергілікті басқарудан орталықтандырылған цифрлық бақылауға көшуді көздейді. Жоба су шығындарын азайтып, энергия тиімділігін арттыруға және энергия шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Аталған жобаны іске асыруды бастау ағымдағы жылға жоспарланған.

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Бүгінде ауыл шаруашылығында суармалы жерлердің 16 мың гектарында (84,6 мың гектардың ішінде) жаңбырлатып және тамшылатып суару технологиялары қолданылуда.

Былтыр 4,7 млрд теңгеге 2 мың гектар аумақта су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған бес жоба іске асырылды. Ал биыл 3,1 мың гектар жерді қамтитын төрт жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленбек. Аталған бағытты одан әрі дамыту үшін 2027–2028 жылдарға инвестициялық шығындарды субсидиялауға 4 млрд теңге қарастырылған.

Су ресурстарын тиімді пайдалану шаралары өнеркәсіп саласында да жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда облыста жұмыс істейтін 61 өнеркәсіптік кәсіпорынның 20-сы, яғни, 33 пайызы айналымдық және қайта пайдаланылатын су жабдықтау жүйелерін енгізген.


Фото: ҚР Үкіметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу