Өскемендегі ЖОО жатаханалары жаңа оқу жылына дайын
Еліміздің жоғары оқу орындары жаңа оқу жылы қарсаңында жатақханалар дайындығын белсенді бастап кетті. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ректорының айтуынша, Студенттер үйінің мәселесін шешу – басым бағыттың бірі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ЖОО ректоры Мұхтар Төлеген жаңа оқу жылында білім алушылар әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жақсартылған жатақханаларда тұратынын атап өтті. Ыңғайлы бөлмелер, жаңа төсек-орын, жаңартылған жиһаз және жылыту жабдықтары жақсартылып, әр бөлмеде Wi-Fi орнатылған.
Университет инфрақұрылымы бойынша ауқымды жұмыс мұнымен аяқталған жоқ. Жаңа оқу жылында студенттерге практикалық оқытуға арналған озық жабдықтармен жабдықталған физика, биология және химия кабинеттері өз есігін ашады. Startup-жобаларды және инновациялық кәсіпкерлік жүйені дамытуға бағытталған «Shygys-BASTAU» технопаркі, сондай-ақ өңірде цифрландыруды дамыту үшін IT-мамандарды біріктіретін IT-Hub жұмыс істейтін болады. Жаңа кеңістікке медиа зал, «Idea Room», «Lounge zone» және диалог аймағы кіреді.
Сонымен қатар жаңа нысандар тізімінде Тұрақты даму орталығы және «EdSmart Premium» интерактивті бейнежазба мультимедиялық студиясы бар.