Оқушы ғарышқа энергия жеткізу құрылғысын ойлап тапты
t.me/oqu_agartu
Абай облысының 9-сынып оқушысы инновациялық құрылғы ойлап тапты.
Ол ғарыш кеңістігінде лазерлік сәулелену арқылы энергия жеткізеді, ғарыштағы жерсеріктер мен ғарыш станцияларын энергиямен қамтамасыз етуге арналған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Нұрали Амангелдиевтің туындысы ғарыш кемесі іспетті екі модельден тұрады. Оның бірінде лазер сәулесін екінші кемеге бағыттайтын фокус жүйесі орнатылған, ал екіншісінде лазер сәулелеріне сезімтал фоторезистор бар. Лазер сәулесі фоторезисторға түсіп, түрлендіргіш арқылы электр энергиясын өндіреді. Бұл энергия шамын жағу немесе ұялы телефонды қуаттау үшін жеткілікті. Құрылғы энергияны 10 метр қашықтыққа дейін жеткізіп, жаңбыр, қар және тұман сияқты түрлі ауа-райы жағдайларында сынақтан өтті.
2019 жылы Нұрали өз жобасын Мәскеу физика-техникалық институтының байқауында таныстырып, жоғары бағаға ие болды. Кейін құрылғыға қуаты мықты лазер орнатып, бағдарламалық кодын жетілдірді.
Жас өнертапқыш жобасын одан әрі дамытып, Байқоңырда өтетін халықаралық байқауға қатысуды жоспарлап отыр. Болашақта құрылғыға күн батареяларын қосып, оны тұрмыстық қажеттіліктерге, оның ішінде лазерлік зарядтау құрылғылары арқылы ұялы телефондарды қуаттауға қолданып көрмек.