KZ
Өскемен
-3°
снег жел 7 м/с, З
512.81 604.19 6.57

Отандық спортшылар биыл жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен рекорд жаңартты

Кеше, 13:30 132 Ержан Әбіш

2025 жыл отандық спорт үшін тарихи табыстармен есте қалды. Қазақстандық спортшылар жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен өткен әлем чемпионаттарында бұрын-соңды болмаған жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жүлде саны бойынша рекорд жаңартты. Бұл жетістік ұлттық спорттың дамуы жүйелі жолға қойылғанын және халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттіліктің артқанын айқын көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жыл қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары спорттың сегіз түрінен әлем чемпионаттарында барлығы 32 медаль жеңіп алды. Оның 14-і алтын, 5-еуі күміс, 13-і қола жүлде. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен тіркелген ең жоғары көрсеткіш.

Атап айтқанда, отандастарымыз бокс, дзюдо, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, таеквондо, садақ ату және нысана көздеу спорт түрлерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, әлемдік деңгейде өз мықтылығын дәлелдеді. Әсіресе жекпе-жек спорт түрлерінде Қазақстан құрамасының көрсеткіші айрықша болды.

Салыстыру үшін айта кетсек, бұған дейінгі ең үздік нәтиже 2023 жылы тіркелген еді. Ол жылы ұлттық құрама спортшылары 22 медаль (7 алтын, 5 күміс, 10 қола) еншілеген болатын. Ал 2025 жылы жүлде саны 10 медальға артты, алтын жүлделер саны екі есеге жуық көбейді. Бұл өсім жаттығу жүйесінің жаңаруы, бапкерлер құрамының кәсіби жұмысы және спортшыларға көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесі екені сөзсіз.

Әлем чемпионаттарында ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар қатарында бокстан Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева, Наталья Богданова, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Айбек Оралбай, грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали, дзюдодан Әбиба Әбужақынова бар. Сондай-ақ семсерлесуден ерлер құрамасы – Эльмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов, садақ атудан әйелдер құрамасы – Виктория Лян, Адель Жексенбинова, Роксана Юнусова, таеквондодан Айдана Құмартаева мен Нодира Ахмедова жоғары нәтижелерімен ерекшеленді.

2025 жылғы әлем чемпионаттарының жалпы қорытындысы бойынша Азия елдері арасында Қытай құрамасы (42 алтын, барлығы 120 медаль) көш бастаса, Жапония (22 алтын, 67 медаль) екінші, Оңтүстік Корея (14 алтын, 46 медаль) үшінші орынға тұрақтады. Қазақстан бұл тізімде 4-ші орыннан көрінді.

Отандастарымыз 11 әлем чемпионатында 32 жүлде, оның ішінде 14 алтын медаль жеңіп алып, Азия құрлығындағы жетекші спорт державаларының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақстан алтын жүлде саны бойынша бірқатар негізгі қарсыластарынан басым түсті. Бұл көрсеткіш әлемдік рейтингтерде шешуші факторлардың бірі саналады.

Қазақстандық спортшылардың бұл жетістігі 2026 жылы Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарында да жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндік бар екенін аңғартады. Азия ойындары – Олимпиададан кейінгі ең маңызды кешенді спорттық жарыс, әрі елдің халықаралық спорттық беделін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі.

Биылғы рекордтық нәтиже ұлттық құрамалардың жүйелі дамуын, басым спорт түрлеріндегі тұрақты позицияның қалыптасқанын және жаңа буын спортшылардың сенімді түрде сахнаға шыққанын көрсетеді. Бұл – Қазақстан спортының болашағы жарқын екенін айғақтайтын маңызды жетістік.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу