Даниал Ахметов: "5 қарашаға дейін 100 жаңа жедел жәрдем көлігі келеді"
Қазіргі уақытта өңірде инфекциялық стационарлардағы төсек орын қорының 27,9%-ында науқастар жатыр.
ПТР тестілері, дәрігерлер жасаған емдеу картасы және дер кезінде байланыста болған азаматтарды анықтау уақтылы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бермек.
- Өскеменде науқастар санының күрт өсуі байқалғандықтан, КВИ мекемелерін кезең-кезеңімен ұлғайту мәселесі шешілуде. Күн сайын сағат 11.00 және 19.00-де мен жедел штаб отырысын өткізіп, COVID-19 қатысты мәселелерді түбегейлі қарастырып, қажетті шешімдер шығарудамыз, - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Сонымен қатар, аймақ басшысы 5 қарашаға дейін облыстың жедел медициналық жәрдем қызметі 100 жаңа жедел жәрдем көлігін алатынын айтты. Ал 1 желтоқсанға қарай облысқа заманауи құралдармен жабдықталған тағы 116 жедел жәрдем көлігі жеткізілмек.
- Көліктердің алғашқы легі Өскемен және Семей қалаларының ауруханаларына жөнелтіледі. Олар жақын маңдағы аудандарға да қызмет ететін болады. Денсаулық сақтау басқармасына жақын күндері дәрігерлерге қан плазмасын тиімді қолдану бағытында арнайы семинар өткізуді тапсырдым. Министрлік мамандары әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, тәжірибе жүзінде оқытуға дайын. Естеріңізге сала кетейін, ҚР-дағы қан плазмасының 70%-ы ШҚО-да жиналды.