Өскеменде бір шақырымдық аллея пайда болды
Шығыс Қазақстан облысының орталығында тағы бір әсем аллея пайда болды. Қазіргі уақытта 19-шы шағын аудан тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Иә, жаңа аллея 19-шы шағын ауданда салынды. Қала әкімі Жақсылық Омардың айтуынша, аллеяны абаттандыру жұмыстары үш учаскеге бөлініп, жүргізілген. Оның біріншісі Есенберлин даңғылы мен Көкжал Барақ көшелері арасындағы аумақты, ал екіншісі осы Көкжал Барақ көшесі мен Қазыбек би даңғылы ортасындағы учаскені қамтыған. Тағы бір учаске Қазыбек би даңғылы мен Уәлиев көшесі арасын қамтыпты. Сондай-ақ ұзындығы 4 700 метрлік суару жүйесінің құбыры тартылған. Бұған қоса, мұндағы тіреу қабырғасы жөндеу көріп, графикалық кескіндермен безендіріліпті. Аллея бойына көптеген шағын сәулет нысаны да қойылған. Осы ретте аталмыш нысандардың арасында балаларға арналған екі ойын алаңқайы, екі спорт алаңы, екі кіреберіс фойе мен 10 MAF элементі, сондай-ақ 110 орындық пен урна бар екенін айта кеткен жөн. Кешкі және түнгі уақытта демалуға келген тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аллеяға 48 жарықтандыру тірегі де орнатылыпты. Көгалдандыру жұмыстары да жоспарға сай жүргізілген.
Қала басшылығы мәлім еткендей, қазірде 5,5 мың шаршы метр жерге газон төселіп, 240-қа жуық көшет отырғызылды. Сонымен қатар аллея бойына 111-ден астам түп шырша мен қарағай егілді. Бұл ағаштар ипподром маңынан әкелініпті. Сондай-ақ аллеяның Көкжал Барақ көшесі мен Қазыбек би даңғылы аралығындағы бөлігін жалғау жұмыстары да ойдағыдай атқарылған. Бұл учаскеге тасты топырақ әкелініп, жалпы ауданы 1 980 шаршы метр жерге қырлы кеспе (брусчатка) төселген. Бұған қоса, 12 саябақ тірегі және 40 орындық пен урна жиынтығы орнатылған.
– Биыл 19 ықшам ауданында ауланы абаттандыру бойынша көп жұмыстар атқарылды. Оның ішінде ең маңыздысы – бір шақырымға созылған жаяу жүргіншілер зонасы. Есенберлин даңғылы мен Увалиев көшесінің арасындағы аллея бүгінде жергілікті тұрғындардың серуенге шығатын сүйікті демалыс орнына айналды. Өскеменде отбасылық демалыс орындарының саны артып келеді және бұл жұмыс алдағы жылдары да жалғасын табады – дейді қала әкімі Жақсылық Омар.