KZ
Өскемен
-10°
пасмурно жел 1 м/с, С
522.38 612.6 6.54

Тоқаев: «Біз мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол берген жоқпыз»

15.10.2020, 09:28 366

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласында "Ұлы ақын Абай ұлдарымен" ескерткішінің ашылу салтанатында сөз сөйледі, деп хабарлайды Президенттің сөзін баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісіндегі парақшасында. 

-  Хакім Абайды біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз. Ұлы ақынның рухына тағзым ету үшін мен осы қасиетті топыраққа арнайы келдім. Қала тұрғындарын және бүкіл елімізді Абай мен оның ұрпақтарына арналған жаңа ескерткіштің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – біртуар ғұлама ойшылымызға деген зор құрметтің белгісі, -деді Президент.

Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы.

Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді.​

Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы.​ ​

-  Ұлы ойшыл жастарды білім мен ғылымды игеруге, өнер мен тілді үйренуге, маңдай термен мал табуға шақырды.Ақын айтқан бес асыл іс: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» – ұлт үшін ауадай қажет қасиеттер. Біз дамуды тежейтін бес дұшпаннан арылып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қоғамдық сананы жаңғыртамыз

Мемлекет басшысы биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге ерекше мән беріліп, мемлекеттік және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шараларға тоқталды. 

-  Мемлекеттік және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткіздік. Ақын мұрасын насихаттауға, ұлағатты сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіруге ден қойдық. Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені жаңа талапқа сай жаңғыртылды. Ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасалды.Бұл – облыс әкімі Даниал Ахметовтің және бір топ азаматтардың еңбегінің нәтижесі.

Сондай-ақ, Президент мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа​ жол берілмегенін баса назар аударып айтты.

-  Абай айтқан «мақтаншақтық», «бекер мал шашпақты» тыюдың бір жолы осы деп санаймын.​Ұлы ойшылдың мұрасы – еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Абайдың асқақ рухы ұлы мұраттарға жетелей берсін! Шығыс Қазақстан халқына шын жүректен аманшылық тілеймін, - деді сөзінде. 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу