Өскеменде жеңіл көлік пен трамвай соқтығысып қалды
Өскеменде жеңіл көлік трамваймен соқтығысып қалды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы өткен сенбі күні Қазақстан көшесіндегі «Юбилейный» кинотеатры жақта болған. Ауладан автокөлікпен шыққан азамат таяп қалған вагонды байқамай қалған көрінеді.
Трамвай жүргізушісі дыбыстық сигнал беріп, вагонды тежеген. Бірақ жеңіл көлік жылдамдықпен қозғалған көрінеді. Сол себепті жол-көлік оқиғасы орны алды. Осыған байланысты трамвай 34 минут тұрып қалды, – дейді «Өскемен Көлік Компаниясы» ЖШС директоры Михаил Чайка.
Облыстық полиция департаменті апат салдарынан зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді. Ал 47 жастағы автокөлік жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.