ШҚО-да аудандық әкімдіктің бөлім басшысы әжетханада төбелесті
Оқиға ағымдағы жылдың наурыз айында Күршім ауданында болды. Әкімдіктің әжетханасында жанжалдасып, төбелескен екі әйел артынан бір-бірінің үстінен полицияға арыз жазған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі yk.kz сайтына сілтеме жасап.
Төбелесіп жүрген мемлекеттік қызметкер – аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, екіншісі – азаматтық тұлға екен. Ол әкімдік қызметкерінің үстінен арыз түсереді. Сараптама қорытындысы бойынша, әйелдің басы мен мойын тұсынан жарақат алғаны анықталады.
Бөлім басшысы да одан қалыспай, қарсы арыз жазып, әлгі әйелдің өзіне себепсіз тап беріп, буындырғанын айтады.
Бұл іс медиатордың көмегімен шешіліп, бітімгершілікпен аяқталған. Сот әкімшілік іс бойынша өндірісті тоқтатады. Алайда осы жағдай Әдеп бойынша кеңесте мемлекеттік қызметкердің тәртібі мен әрекеті талқыға салынды.
Жағдайдың не себепті және қалай болғанын нақты анықтау қиын. Себебі екі әйел де бір-бірін кінәлап отыр. Ал оқиғада куәгерлер жоқ. Дегенмен, Әдеп бойынша Кеңестің мүшелері мемлекеттік қызметкердің әрекетін сынға алып отыр. Олардың айтуынша, шенеунік мемлекеттік органның ғимаратында жанжалды ушықтырмай, керісінше, тоқтату керек болатын.
Осыған байланысты, Кеңесте төбелескіш басшыны қызметінен босату туралы ұсыныс қаралды. Бірақ қызметкердің жүкті екені ескеріліп, оны лауазымын маман деңгейіне дейін төмендету жөнінде шешім қабылданған екен.