KZ
Өскемен
+2°
переменная облачность жел 2 м/с, Ю
480.63 535.13 5.27

Алматыға жеңісті Олжас әперді

17.07.2017, 05:10 220

Өскеменде осымен үшінші рет ұйымдастырылған «Қазақстан үміті» республикалық велокөпкүндігі мәресіне жетті. Бұл жолғы додада Алматы облысының жас велошабандоздары топ жарды.


Айта кетейік, биылғы жарысқа сегіз команда, 56 спортшы қатысқан болатын. Олардың арасында Алматы, Қостанай, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарының велошабандоздарымен қатар, Ресейдің Новосібір, Бердск және Омбы қалаларынан келген үміткерлер де болды.


Шілденің 8-і мен 15-і аралығында өткен жарысты жылдағы дәстүр бойынша еліміздің Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық денешынықтыру ғылыми-тәжірибелік орталығы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырды.


– Біздің облыс үшін бұл велобәйгенің маңызы өте зор. Облысымызда мұндай шараны өткізу арқылы өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салты мен велоспортты насихаттап келеміз. Тағы бір айта кетерлігі, жарыс нәтижелері бойынша жастар мен жасөспірімдердің ел құрамасы жасақталатын болады. Сондықтан велокөпкүндік барысында спортшылар барын салып, үздіктер қатарынан көрінуге тырысады, – деген велоспорттан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Рашид Хакимов биылғы жарыс та өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.


Жалпы, осы жолғы велобәйгеге қатысушылар Глубокое және Ұлан аудандарының жолдарымен жүріп өтті. Ал соңғы кезеңде қатысушылар Өскемендегі К.Маркс және Қ.Сәтпаев даңғылдарында ұйымдастырылған 50 шақырымдық критериум жарысында өзара мықтыны анықтады. Жеті кезеңнен тұрған велокөпкүндік барысында спортшылар 650 шақырым жолды артқа тастады.


Жоғарыда айтқанымыздай, жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық бірінші орынға Алматы облысының велошабандоздары көтерілді. Екінші орынға Ресейдің Бердск қаласынан келген спортшылар тұрақтаса, үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысының командасы түйіндеді.


Жекелей сында алматылық Олжас Байымбаевқа тең келер ешкім болмады. Олжас жеті кезеңнің бесеуінде топ жарғанын айта кеткен абзал. Екінші және үшінші орындарға Владислав Харламов (Бердск қаласы, Ресей) пен Данил Астахов (Шығыс Қазақстан) ие болды.


Олжас Байымбаев, сондай-ақ, тау және белсенді шабандоз атақтарын да жеңіп алды.

Өскемендегі Комсомол аралында өткен велобәйгенің жабылу салтанатында жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар атынан мақтау қағаздарымен, медальдармен, сондай-ақ, кубоктарымен марапатталды.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив