KZ
Өскемен
+7°
переменная облачность жел 2 м/с, В
480.61 534.53 5.28

Шығыс Қазақстанда жасалған автомобильдер Әзірбайжан нарығына да шығарылмақ

13.03.2016, 18:00 114



Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Әзірбайжан Республикасында болды. Аймақ басшысы осы елдің Премьер-Министрі Артур Раси-Задемен кездесіп, екіжақты әріптестікті нығайтудың жолдарын қарастырды, деп хабарлайды Аltaynews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметі сілтеме жасап.

Кездесу барысында қос тарап әсіресе, транспорт саласына және автокөлік өндірісіне ерекше мән берді. Атап айтқанда, «БИПЭК АВТО - АЗИЯ АВТО» холдингінің өнімін Әзірбайжан елінің нарығына шығару мәселелері қызу талқыланды.

Сонымен қатар, шығысқазақстандық делегация автоөндіріс саласында жұмыс істейтін әзірбайжандық әріптестерімен, бизнесмендермен кездесулер өткізді.

Естеріңізге салайық, осыдан біраз бұрын ШҚО әкімі Даниал Ахметов мұндай келіссөздерді Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Олег Панкратовпен және Тәжікстанның Үкімет басшысының орынбасары Әзиз Ибрахиммен де жүргізген болатын.

Шығысқазақстандық делегацияның аталмыш елдерге сапары барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамытудың жолдарын қарастырған-ды. Кездесулерде дистрибуцияны іске асыру, бөлшектеп сату және аталған елдер аумағында Lada автокөліктері сатылған соң, оларға қызмет көрсету мәселелері пысықталды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар «БИПЭК АВТО - АЗИЯ АВТО» холдингінің Тәжікстан нарығына шығуына қажетті нақты ұсыныстар жасау үшін жақын күндері Тәжікстан мен Қырғызстанға жұмыс топтарын жіберуге уағдаласқан.

Айта кетер жайт, 2015 жылдың қараша айында «БИПЭК АВТО - АЗИЯ АВТО» холдингі Lada автокөлігін Орталық Азия мемлекеттері аумағында дистрибуциялау құқығын иеленген болатын. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Президенттерінің кездесуі шеңберінде «АВТОВАЗ» ААҚ (Ресей) және «БИПЭК АВТО - АЗИЯ АВТО» (Қазақстан) компаниялар тобы басшылары арасында тиісті келісімге қол қойылған.

Әріптестер Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан нарықтарында тауар өткізу инфрақұрылымын бірлесіп дамыту жөнінде келіскен. Бұған дейін компаниялар Ресейдің Сібір және Урал федералды округтерінің нарықтарына қатысты ұқсас келісім жасаған болатын.

Осылайша, «БИПЭК АВТО - АЗИЯ АВТО» Еуразиялық одақтың автокөлік нарығына шығу жөніндегі барлық жоспарды сәтті жүзеге асырған алғашқы қазақстандық компания атанды.

Бүгінде отандық холдингтің келісімшарт ауқымы жеті мемлекеттің нарығын қамтуда. Оның ішінде Қазақстан мен 84 миллионнан астам тұрғыны бар Ресейдің азиялық бөлігі де бар.

Холдингтің Қазақстан шекарасынан тыс елдердегі өткізу және қызмет көрсету желісі Өскемен қаласындағы «АЗИЯ АВТО Қазақстан» АҚ алаңында салынып жатқан толық циклды автоөндірістің экспорттық инфрақұрылымының негізі болады деп жоспарлануда.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив