KZ
Өскемен
-20°
плотный туман жел 1 м/с, С
501.02 597.27 6.59

Астанада азаматтық қоғамның орнықты даму мақсаттарын ілгерілетудегі рөлі талқыланды

www.gov.kz

17.10.2025, 10:00 144 Базарова Айгүл

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық альянсының қолдауымен Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы – ARGO ұйымы XII Азаматтық форум аясында «Жергіліктіден жаһандыққа: азаматтық қоғам ұйымдары Қазақстанда ОДМ-ды қалай ілгерілетуде» атты сессия өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараның мақсаты – Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) жергілікті деңгейде іске асырудың үздік тәжірибелерін көрсету, қауымдастықтар мен азаматтық секторды мониторинг пен ерікті ұлттық шолуларды дайындауға тарту, сондай-ақ БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі Жоғары деңгейдегі саяси форумына қазақстандық ҮЕҰ-дардың қатысу тәжірибесін талқылау болды.

Сессия жұмысына Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Раднаарагча Саранго, БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов, Еуропалық одақ өкілдігінің ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур, сондай-ақ мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам мен сарапшылық қауым өкілдері қатысты.

Модераторлар – ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Әлеуметтік саланы, құқық қорғау және арнайы органдарды дамыту департаментінің директоры Нұргүл Жанназарова мен «АРГО» қауымдастығының атқарушы директоры Джамила Асанова.

Өз сөзінде вице-министр Асан Дарбаев Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында айтқан үндеуінде Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудің стратегиялық маңыздылығын атап өткенін жеткізді.

«Қазақстан Орнықты даму мақсаттарын ұлттық күн тәртібінің негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындап, оларды мемлекеттік жоспарлау және бюджеттеу жүйесіне интеграциялады», – деді ол.

Дарбаевтың айтуынша, ОДМ-ды табысты іске асыру тек мемлекет, азаматтық қоғам және бизнестің тығыз өзара іс-қимылы арқылы мүмкін.

«Азаматтық институттар үкімет пен халық арасындағы сенімді дәнекерге айналып, қоғамның кең топтарын орнықты дамуға тартуға ықпал етуде», – деді вице-министр.

Ал Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Раднаарагча Саранго өз кезегінде, Қазақстанның ОДМ бағытында оң серпін көрсетіп, Біріккен Ұлттар Ұйымымен белсенді ынтымақтастық орнатып отырғанын атап өтті.

Сессия барысында GLocal пилоттық жобасының нәтижелері, ОДМ-ды жергілікті деңгейде енгізу тәжірибелері, Алматы қаласының алғашқы Ерікті жергілікті шолуы мен Қазақстанның Ерікті ұлттық шолуларын дайындаудағы азаматтық қоғамның рөлі ұсынылды.

Іс-шара мемлекет, ҮЕҰ және халықаралық ұйымдар өкілдері арасында пікір алмасуға арналған тиімді алаңға айналды. Талқылау қорытындысы бойынша ОДМ ұлттық платформасын дамыту және мемлекеттік органдар, азаматтық сектор мен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде ұсыныстар әзірленді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу