KZ
Өскемен
-9°
туман жел 2 м/с, СБ
502.27 597.15 6.57

«Altai Sport Fest – 2025»: Шығыс Қазақстан жанұяларын біріктірген дода

27.12.2025, 16:00 108 Базарова Айгүл

Күлкі мен шаттыққа, көтеріңкі көңіл күйге толы «Altai Sport Fest – 2025» спорттық жарысы бүгін қатысушыларға ғана емес, көрермендерге де ерекше әсер сыйлады. Бұл сайыс Шығыс Қазақстан облысының әртүрлі аудандарынан және Өскемен қаласынан келген отбасыларды ортақ мақсат пен ынтымақ аясында тоғыстырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жарыс барысында қатысушылар қаппен, жұбайын арқалап жүгіру, командалық арқан тартыс, жастықпен күрес және финалдық эстафета сияқты қызықты әрі көңілді спорт түрлерінен бақ сынасты.

Сайысқа ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов та арнайы қатысып, спортшыларға қолдау білдірді.

– Құрметті спортшылар, бүгінгі жарысқа қатысушылар! Сіздердің арқаларыңызда біз нағыз командалық рухты сезіндік. Айта кету керек, бүгін мұнда барлығыңыз – жеңімпазсыздар. Бұл жарыста ұтылғандар жоқ. Әділ ойындарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Көздеріңізден қуанышты эмоцияны көріп тұрмын. Осы сергектік пен көтеріңкі көңіл күйді өздеріңізбен бірге жаңа жылға ала барыңыздар. Белсенділік пен жақсы көңіл күй баршаға қажет, ал спорт бізге соны сыйлайды, – деді облыс әкімі жарыс қатысушыларын құттықтау сөзінде.

Ойындарға облыс қалалары мен аудандарынан, сондай-ақ облыстық басқармалардан 25 команда қатысты.

Аталған спорттық жарыс былтыр алғаш рет ұйымдастырылып, көпшіліктен оң пікір алған болатын. Сайысқа мемлекеттік қызметшілер отбасыларымен бірге қатысады. Мұндай іс-шаралар спортқа деген қызығушылықты арттырып, балаларды да, ата-аналарды да салауатты өмір салтына баулиды.

– Бұл спорттық мерекеге біз екінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. Корпоративтік кеш немесе мейрамхана орнына спорт кешеніне келіп, әріптестерімізді отбасымен бірге қолдаймыз. Бұл – өте қызықты, пайдалы әрі көңілді шара. Мұндай жарыстар тек ұжымды ғана емес, сол ұжымдағы барлық отбасыны бір мүддеге біріктіріп, ұйымшылдықты нығайтады, – дейді ШҚО туризм басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит.

Бұл пікірді Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары Тимур Жігітаев та қолдайды.

– Бұл жарыс біз үшін өте маңызды. Бүгін додаға бүкіл отбасымызбен қатысып отырмыз. Қызметтің тығыздығына байланысты кейде отбасымызға жеткілікті уақыт бөлуге мүмкіндік бола бермейді. Ал мұнда бәріміз жеңіске деген ортақ мақсатпен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырмыз. Мұндай шаралар отбасылық береке-бірлікті нығайтады, – дейді ол.

Ал жарысқа отбасымен қатысқан досын қолдауға келген жанкүйер Жәнібек Нұримановтың айтуынша, соңғы жылдары бұқаралық спортты дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау айқын сезіле бастады.

– Өзім Катонқарағай ауданының шағын ауылында өскенмін. Жазда туған-туыстарыма барғанда ауылда спорт алаңы мен мектептегі жабдықталған спортзалдың барын көріп, қатты қуандым. Ең бастысы – ол нысандар бос тұрмайды. Онда тек балалар ғана емес, ересектер де жаттығады. Бүгінгі жарыста да бәрінің көңіл күйі тамаша. Ата-аналар балаларын қолдап жатыр, балалар ата-аналарына жанкүйер. Мұндай сәттер қуантпай қоймайды. Келесі жылы өз отбасыммен бірге міндетті түрде қатысамын, – дейді ол.

Тартысты өткен жарыстар қорытындысы бойынша Өскемен қаласының әкімдігі жеңімпаз атанды. Екінші орынды Глубокое ауданының әкімдігі иеленсе, жүлделі үшінші орын Зайсан ауданының әкімдігіне бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.



Дмитрий Чжан

Фото: Артем Жигулин

Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу