Қысқы Универсиада: 15 қаңтарда қазақстандық жастар қандай спорт түрлерінен сайысқа түседі
pixabay.com
15 қаңтарда Италияның Турин қаласында 2025 жылғы Қысқы универсиаданың екінші жарыс күні өтеді. Қазақстандық спортшылар бүгінгі жарыс күнінде шаңғы жарысы, парашаңғы жарысы, фристайл және шайбалы хоккей сияқты бірнеше спорт түрінде бақ сынайды.
Қазақстандық ерлер мен әйелдер шаңғы жарысында сынға түседі. Сағат 13:30-да ерлер арасында 10 шақырымға жарыс басталады, оған Ернұр Бексұлтан, Әмірғали Мұратбеков, Ілияс Исабе, Нартай Тұрлыбекұлы және Сұлтан Базарбеков қатысады. Ал әйелдер арасындағы 10 шақырымдық шаңғы жарысына 16:00-де Лаура Кинебаева, Мария Геращенко, Анастасия Ротова, Елизавета Толмачева, Әсем Жұмағазиева және Алеся Бочкарева қатысады.
Парашаңғы жарысынан (10 шақырым) 14:00-де Денис Зинов пен Роман Құрбанов ел намысын қорғайды.
15:00-де фристайлдың жұптық-могул түрінен Анастасия Городко, Аяулым Әмренова, Фёдор Бугаков, Антон Бондарев, Семён Русаков және Максим Емельянов бақ сынайды, ал 19:00-де осы жарыстың финалдық сайысы өтеді.
Күнді сағат 00:00-де шайбалы хоккейдің ерлер арасындағы Қазақстан мен Канада арасындағы кездесуі түйіндейді.
Айта кету керек, Ерлер арасындағы шайбалы хоккей ойыны және парашаңғы жарысы (10 шақырым) ұйымдастырушылар тарапынан телеарна мен сайттарда көрсетілмейді.