«Astana Oscar»: Өскемендік оқушылар түсірген фильм әлеуметтік өткірлігімен бәйгеде топ жарды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде елордада жас таланттардың басын қосқан ерекше шара өтті. «Astana Oscar» атты тұңғыш республикалық жас кинематографистер форумы Қазақстанның түкпір-түкпірінен ең дарынды авторларды жинап, олардың тың туындыларына үлкен мүмкіндік берді. Форумда 17 жасар өскемендік оқушылардың шығармашылық өнімі бас жүлдеге лайықталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Байқауда бас жүлдені Шығыс Қазақстаннан келген өскемендік оқушылардың «Қорғаушы» атты қысқаметражды фильмі жеңіп алды. Фильм авторлары – Дильназ Акимканова, Жаслан Фазылбеков, Амина Уралова және Регина Даниярова – үлкендер де батылы жете бермейтін аса күрделі тақырыпты қозғаған. Олар балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесін қозғап, көрерменді бей-жай қалдырмайтын терең әрі әсерлі дүние жасай алды.
Барлығы 15 фильм қатысқан байқауда «Қорғаушы» әділқазылар алқасының ерекше ықыласына ие болды. Танымал кино және телевизия мамандарынан құралған қазылар алқасы бұл жұмысты шынайылығы, әлеуметтік өткірлігі мен терең мазмұны үшін жоғары бағалады. Фильм тек кәсіби мамандардың ғана емес, көпшіліктің де жүрегінен орын тапты.
Бұл кино – жай ғана көркем шығарма емес. Бұл – балалардың өз көзімен көрген шынайы өмірге берген бағасы, олардың шындықты ашып айтуға деген талпынысы. Олар осы туынды арқылы үнсіз қалған көп баланың үніне айналды. Жас авторлардың жеңісі – өнердің жасты таңдамайтынына дәлел.
«Қорғаушы» фильмі форум аясында айтылған ең өткір әрі үміт сыйлайтын үн болды. Бұл – балалардың да қоғамға айтары бар екенін дәлелдеген әсерлі әрі үмітке толы туынды.