«Жұмысқа орналастырамын» деп алдаған алаяқ ұсталды – Семей
Жұмысқа орналасқысы келген семейлік қомақты қаражатынан айырылды.
Ағымдағы жылдың наурыз айының ортасында полиция қызметкерлері 2021 жылдың тамызынан қазан айы аралығында орын алған алаяқтық фактісін анықтады. Қаскөй 49 жастағы Семей қаласының тұрғынын жұмысқа орналастырамын деп 3 400 000 теңгеге жуық қаражатын иемденіп алған.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде ШҚО ПД криминалдық полиция қызметкерлері 57 жастағы құрылыс компаниясының директорын анықтап, полиция бөлімшесіне жеткізген. Жауап алу кезінде кінәсін мойындады.
- Ұсталған адамға қатысты келу туралы міндеттеме мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 190 - бабы 3-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясымен 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, - деп хабарлайды ШҚО ПД баспасөз қызметі..