Қыс басталғалы ШҚО жолдары 37 рет жабылды: 800-ден астам техника тәулік бойы жұмыс істеп тұр
Шығыс Қазақстан облысында биылғы қыс маусымы басталғалы ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары 37 рет уақытша жабылған. Оның ішінде республикалық жолдар — 20 рет, облыстық жолдар — 17 рет. Жолдардың жабылу ұзақтығы орта есеппен 10 сағатты құраған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұсынған ақпаратқа сай, күрделі климаттық жағдайларға қарамастан, облыс жолдарын қысқы күтіп-ұстау жұмыстары штаттық режимде жүргізілуде. Қысқы маусымға дайындық алдын ала пысықталған.
Биыл жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңір бойынша 806 бірлік арнайы техника әзірленген. Олар қалалар мен аудандардың климаттық ерекшеліктерін ескере отырып бөлінген.
Республикалық маңызы бар жолдарға «КАЖсервис» ШҚО филиалы қызмет көрсетеді. Кәсіпорын балансындағы 103 техниканың 96 пайызы толық жұмысқа жарамды.
Облыстық жолдарға жауапты «ОблШығысЖол» ЖШС-де 119 техника бар, оның 93 пайызы қысқы жұмыстарға дайын. Арнайы жедел жасақ құрылып, бульдозерлер, автогрейдерлер мен ауыр жүк көліктері бекітілген.
Аудандық жолдар мен елді мекен көшелерін күтіп-ұстауға 584 техника тартылған, оның 95 пайызы тұрақты жұмыс істеп тұр.
Төтенше жағдайлар кезінде қосымша 185 бірлік мобилизациялық техника пайдалануға дайын. Сонымен қатар, облыс бойынша алты өндірістік-жол басқармасы қар тазалау техникасымен қамтылған. Қажет жағдайда Өскемен қаласындағы қосалқы өндірістегі техникалар да жұмылдырылады.
Қауіпті климаттық аймақтарда жол пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төрт жол пайдалану пункті және төрт жылыту пункті тұрақты жұмыс істеп тұр. Барлығы білікті мамандармен және жарамды техникамен қамтамасыз етілген.
Материалдық-техникалық дайындыққа да ерекше көңіл бөлінген. «ОблШығысЖол» ЖШС қысқы маусымға 140 мың литр жанар-жағармай қорын дайындаған. Қыс бойына орташа қажеттілік 500 мың литрді құрайды, жеткізушілермен келісімшарттар жасалған.
Көктайғаққа қарсы 100 тонна техникалық тұз сатып алынып, қауіпті учаскелерге жеткізілді. 130 уақытша жол белгісі, 2500 сигналдық бағана орнатылды. Сондай-ақ, 800 тонна көмір дайындалып, 1666 жасанды құбыр мен 96 көпір тазаланды.
Қар басуға бейім облыстық маңызы бар тоғыз учаскеде дайындық толық аяқталған. Олардың қатарында «Өскемен – Тарғын – Самар», «Теректі – Ұрұнхай – Төсқайын», «Күршім – Қалжыр» бағыттары бар. Бұл аумақтарда қар тоқтататын қалқандар орнатылып, арнайы траншейлар қазылған. Сонымен қатар, қар көшкіні қаупі бар жеті учаске анықталған.
Басқарма басшысы міндетін атқарушы Ернар Маулетхановтың айтуынша, 1 қарашадан бастап, ал 12 қаңтардан бері күшейтілген режимде облыс жолдарының жай-күйі тәулік бойы бақылауда. Ақпарат күн сайын төтенше жағдайлар қызметіне, полицияға және облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жолданып отырады.
Фото: Altainews.kz мұрағаты