KZ
Өскемен
-24°
туман жел 1 м/с, С
506.7 593.14 6.53

ШҚО-да жыл басынан бері 10-нан астам автокөлік өрті тіркелді

Кеше, 16:00 106 Ержан Әбіш

ШҚО-да автокөлік өрттері жиілеп кетті. Жыл басынан бері өңірде оннан астам автокөлік өртенген. Негізінен тұрақта тұрған көліктер жанған. Мамандардың айтуынша, өрттердің негізгі себебі – абайсыздық және техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтамау, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Соңғы жағдайлардың бірі Космическая көшесінде орын алды. Тұрақта тұрған 2013 жылғы автокөліктің қозғалтқыш бөлігіндегі жанғыш бөлшектер бір шаршы метр аумақта өртенген. Ұқсас жағдай Островский көшесінде де тіркеліп, 1998 жылғы көліктің қозғалтқыш бөлігі отқа оранды. Екі оқиғаның да себебі бір – салғырттық.

Ал Сәтбаев даңғылындағы өрт салдары тіпті ауыр болды. 2002 жылы шығарылған «Шкода Октавия» автокөлігінің қозғалтқыш бөлігіндегі жанғыш бөлшектер мен аспаптар панелі үш шаршы метр аумақта жанған. Ыстықтан қасында тұрған 2015 жылғы «Лада Приора» көлігінің артқы бампері де зақымданды. Түсініп отырғандарыңыздай, бір көліктегі өрт басқа автокөліктерге де қауіп төндіреді.

Аудандарда да жағдай мәз емес. Күршім ауылындағы Бауыржан Момышұлы көшесінде тұрақта тұрған «Рено Магнум» жүк көлігінің кабинасы жанған. Дәл осы себеппен Өскеменнің Меновное кентіндегі жер үйдің ауласында тұрған автокөлік отқа оранып, басқару панелі жанып кеткен.

Ең ауқымды өрттердің бірі Согра көшесінде тіркелді. Жеке тұрғын үйдің ауласындағы гаражда тұрған 2015 жылғы «Джили МК Кросс» автокөлігімен бірге қозғалтқышы бар резеңке қайық, жеке заттар мен ағаш материалдары жанған. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды жалпы 72 шаршы метр аумақта әрең ауыздықтады. Сондай-ақ «Заря» бау-бақша серіктестігі аумағында жеке тұрғын үйдің шатыры мен «Мазда» көлігі жанып кетті.

Мамандардың мәліметінше, автокөлік өрттерінің көпшілігі қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан, электр жабдықтары мен қоректендіру жүйелеріне немқұрайлы қараудан туындайды. Көбіне өрт қозғалтқыш бөлігінде басталады, ал сирек жағдайда салонда орын алады. Кей жағдайларда қозғалыс кезінде мойынтірек немесе дөңгелек тұрып қалып, үйкелістен шасси жануы мүмкін.

Осыған байланысты ШҚО төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Атап айтқанда, автокөлікті уақытылы техникалық тексеруден өткізіп, магнитоланы, дабыл жүйесін және қозғалтқышты алдын ала қыздыру құрылғысын тек мамандандырылған орталықтарда орнату қажет. Сонымен қатар әр көлікте жарамдылық мерзімі тексерілген, көлемі кемінде екі литр болатын ұнтақты өрт сөндіргіш болуға тиіс. Бұл қарапайым талап кей жағдайда мүлікті ғана емес, адам өмірін де сақтап жатады.

Электр сымдарының жарамдылығын бақылау, сақтандырғыштарды дұрыс пайдалану да аса маңызды. Қыста көлікті жылыту үшін қолдан жасалған электр жылытқыштарды немесе ашық отты пайдалану аса қауіпті.

Қорыта айтқанда, автокөлікке салғырт қарау орны толмас шығындарға әкелуі мүмкін. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – әр жүргізушінің жауапкершілігі. Төтенше жағдай туындаған жағдайда «101» немесе «112» нөмірлеріне дереу хабарласу қажет.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу