Қазақстанда жаңа жоғары консультативтік орган – Халық Кеңесі құрылады
Мемлекет басшысы еліміздегі реформалардың жаңа кезеңінде қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша тұрақты әрі жүйелі жалпыұлттық диалог жүргізуге арналған кең платформа қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты бүгін Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жаңа орган ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды біріктіретін жалпыұлттық пікір алмасу алаңы болмақ.
Президенттің айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай өздеріне жүктелген тарихи миссияны табысты орындады. Енді олардың тәжірибесін сақтай отырып, жаңа форматтағы мемлекеттік институт қалыптастыру қажеттігі туындап отыр.
Президент Халық Кеңесінің қызметінде Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық сабақтастығы сақталуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Негізгі басымдық – қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту.
Жаңа орган басқа елдердегі консультативтік құрылымдардың озық тәжірибесін бойына сіңірген мемлекеттік институт болады. Кеңесте барлық этностардың, әлеуметтік топтардың және өңірлердің өкілдігі қамтамасыз етіледі.
Қазақстанның Халық Кеңесі елдегі ең жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады. Оның құрамы 126 адамнан қалыптастырылады
– 42 өкіл – этномәдени бірлестіктерден;
– 42 өкіл – ірі қоғамдық ұйымдардан;
– 42 өкіл – мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден.
Кеңес мүшелерін Президент тағайындайды, ал төраға Кеңес мүшелерінің өздері тарапынан сайланады. Төрағаның қоғамдық негізде ротациялық тәртіппен тағайындалатын екі орынбасары және хатшылық басшысы болады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы құқығын беру ұсынылғанын айтты. Бұл оның институционалдық салмағын едәуір арттырмақ.
Халық Кеңесіне Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелері бойынша негізгі функциялары беріледі. Сонымен қатар, жаңа орган ішкі саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеумен, мемлекеттік идеологияны, Конституция мен өзге де маңызды құжаттардың мазмұнын түсіндіру және ілгерілету жұмыстарымен айналысады.
Сондай-ақ, Кеңестің құзыретіне Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін және мемлекеттік маңызы бар өзге де гуманитарлық форумдарды өткізу функциясы беріледі.
Қазақстанның Халық Кеңесінің мәртебесі мен оны қалыптастыру тәртібі Конституцияның жеке бөлімінде және арнайы Конституциялық заңда айқындалмақ.
Фото: Ақорда



