Шалғайдағы ауыл балаларын енді автобуспен тасиды - Өскемен
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Тарбағатай ауданындағы Шеңгелді ауылындағы оқушыларға тамаша тарту жасалды.
Қабанбай ауылдық округінің Қазақстан елді мекеніндегі оқушылар бұдан былай Шеңгелді ауылына жайлы әрі жаңа автобуспен қатынайтын болады. Облыстық Білім басқармасынан берілген қоғамдық автобустың кілтін тапсыру салтанатында аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы білім саласы бойынша келешекте атқарылатын шаруаларды тілге тиек етті.
- Тәуелсіздік күні қарсаңында беріліп отырған су жаңа автобус ең алдымен балаларымызға тамаша тарту болды. Біз елімізді жайлаған пандемияға қарамастан, балалардың жетік білім алуына барлық күшімізді салудамыз. Мәселен, мемлекет қаржысына алынған іші жайлы орындықтармен жабдықталған, заманауи сары автобус сөзімнің дәлелі, - деді аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы.
Тарбағатай ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері "Тарбағатай тарланы" медалінің иегері Тоқтарбек Кенжин Шеңгелдідегі Сатбаев атындағы негізгі орта мектеп ұжымын құттықтап, директоры Бақытгүл Құдайбергеноваға су жаңа автобустың кілтін салтанатты рәсімде табыс етті. Бұл автобус шалғай елді мекенде тұратын оқушыларды мектептерге тасымалдау мақсатында сатып алынған. Ендігі кезекте аталған ауылдарда тұрып, білім алатын жас жеткіншектер мектептеріне қиналмай қатынайтын болды. Мектеп басшылары бұл жағдай оқушылардың сабақ үлгеріміне айтарлықтай әсер етіп, олардың оқуға деген ынтасын оятатынын алға тартты.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Нағызқанқызы алдағы уақытта ауданға тағы екі автобус әкелінеді деп сүйінші жаңалықпен бөлісіп, білім сапасын көтеру жөнінде тапсырма жүктеді.
Міне, осылай, шағын ауылдардан оқушыларды тасымалдау мәселесі оң шешімін тапты. Аталған шағын ауылдарда барлығы 23 оқушы бар.