KZ
Өскемен
-41°
плотный туман жел 1 м/с, С
512.16 594.72 6.57

Қазақстанда -40 градусқа дейін аяз болады

14.01.2026, 17:15 155 Төлеуғазы Жансая

15–17 қаңтар аралығына арналған болжам бойынша Қазақстанда қыс қаһарына мініп, тұрғындарды сары аяз қыспаққа алмақ. Синоптиктердің хабарлауынша, бұл кезеңде еліміздің көп бөлігінде антициклондық ауа райы сақталады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кей аймақтарда ауа температурасы –40 градустан төмендеп, суық бірнеше күн қатарынан сақталуы мүмкін. Осыған байланысты мамандар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Қатты аяз кезінде үйлер мен пәтерлерде пештер мен электр жылытқыштарына түсетін жүктеме де артады. Сондықтан оларды пайдалану барысында аса сақ болған жөн.

– Пешті үздіксіз жағып қоюға болмайды. Арасы 1-1,5 сағатты құрауы керек. Балаларға пеш жағуды немесе оны қарауды сеніп тапсырып қажет емес. Электр жылытқышты желіге қоспас бұрын сымдары мен штепсельдерін міндетті түрде тексеру керек. Сондай-ақ, жылытқыштардың үстіне немесе жанына зат кептіруге қатаң тыйым салынады. Ал автокөлікті тек рұқсат етілген және қауіпсіз тәсілдермен, міндетті түрде бақылаумен жылыту қажет, – деді ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 37 өрт тіркелген. Басты себеп – пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау, электр жабдықтарын қолдану қателіктері, отты абайсыз пайдалану. 

Мамандар сары аязда денсаулыққа да ерекше мән беру қажеттігін алға тартады. ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігері Ержан Мұсаның айтуынша, қатты суықта ашық ауада ұзақ уақыт жүру қауіпті.

– Аяз кезінде сыртта болу уақытын шектеу керек, сондай-ақ ұзақ сапарларды кейінге қалдырған жөн. Қалың, жылы киініп, аяқ киімнің суық өткізбеуіне мән беру қажет. Физикалық тұрғыда шаршау немесе ашқұрсақ жүру үсік қаупін арттырады. Үсіктің алғашқы белгілері – терінің ағаруы, шаншу немесе шымшу сезімі, сезімталдықтың жоғалуы. Егер тері қарая бастаса немесе көпіршіктер пайда болса, бұл ауыр үсік белгісі, мұндай жағдайда дереу дәрігерге жүгіну қажет, – деді дәрігер.

Мамандар үсік алған жағдайда аязға ұшыраған жерді қармен ысқылауға, оттың жанында немесе ыстық сумен жылытуға болмайтынын ескертеді.

Сонымен қатар пештің айналасында жиһаз, кілем, отын, киім-кешек сияқты оңай тұтанатын заттар тұрмауы тиіс. Күлді уақтылы тазалап, оны жанбайтын металл ыдысқа салып, үйден алыс жерге шығару қажет. Мұржаны күйеден тазалап, үнемі бақылаған жөн.

Тағы бір ескерер жайт, жылытқыштарды жабуға немесе үстіне зат қоюға болмайды, бұл өрт қаупін күшейтеді. Қатты аязда дұрыс оқшауланбаған су құбырлары да қатып қалуы мүмкін. Оларды жылыту кезінде ашық отты пайдаланбай, қауіпсіз тәсілдерді таңдаған абзал.



Фото: ШҚО ТЖД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу