KZ
Өскемен
-9°
переменная облачность жел 1 м/с, З
498.34 519.72 4.85

Репродуктивті денсаулық апталығы басталды - ШҚО

Фото: Махаббат Ахметжанова

24.06.2024, 19:47 359 Айжанат Бақытқызы

Биылғы 25-30 маусым аралығында елімізде Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен репродуктивті денсаулық апталығы өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы Марат Көксегенов апталық аясында маңыз беріліп отырған міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, әйелдер мен ер азаматтардың денсаулығын қорғау, отбасын құруды жоспарлау, ерте жүктіліктің алдын алу сияқты өзекті мәселерге ерекше назар аударылмақ.

– Апталықтың мақсаты – халықтың репродуктивті денсаулықтың маңызы туралы хабардар болуын қамтамасыз ету және салауатты өмір салтын насихаттау. Ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау жөніндегі міндеттер 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатты дамыту тұжырымдамасында белгіленген, - деп атап өтті Марат Көксегенов.

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының емханаларында және дәрігерлік амбулаторияларында, ауылдағы медициналық пункттер мен фельдшерлік-акушерлік орталықтарда ашық есік күні өткізіліп, жасөспірімдермен, 29 жасқа дейінгі жастармен кездесудер ұйымдастырылуда. Қажет болса келушілерге бейінді мамандар түрлі кеңес беріп, тегін медициналық қызметтер көрсетіліп жатыр.

Өскемендегі Ана мен бала орталығында балалар гинекологының кабинеті жұмыс істеп тұр. Бұл туралы осы орталықтың консультативті диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі, репродуктолог Надира Слямханова мәлім етті. Оның айтуынша, апталық аясында жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының маңызы, ерте жүктіліктің және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, АИТВ инфекциясы мен ЖЖБИ-дің таралуы, жатыр мойны қатерлі ісігін тудыратын папиллома вирусының алдын алу сияқты өзекті мәселерге маңыз берілмек.

– Қыз бала гинекологтың тексеруіне бірінші рет 8-9 жаста баруы керек. Екінші рет 12-13 жаста тексеруден өтсе, одан соң 15-16 жаста барады және ары қарай жыл сайын дәрігерге қаралып отыруға тиіс, – деп нақтылады Надира Слямханова.

Маманның айтуынша, кез келген адам балалар гинекологына жолдаманы тұрғылықты жері бойынша емханадан ала алады.

Репродуктивті денсаулық апталығы аясында тұрғындар кез келген емханаға жолдамасыз келіп, мамандардан қажетті ақпарат ала алатынын айта кетейік.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу