2025 жылы қазақстандықтарға бала тууына және бала күтіміне байланысты 80 млрд теңгеден астам сомаға жәрдемақы төленді

Жыл басынан бері мемлекеттік жәрдемақылармен, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) баланы босануға және бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төлемдермен жалпы сомасы 80,1 млрд теңгеге 170,8 мың адам қамтылды.
Бала туғанда берілетін жәрдемақыны 2025 жылдың қаңтар айында республикалық бюджеттен барлығы 6 млрд теңге сомаға 33,7 мың адам алды. Бұл жәрдемақыға бала туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған балалары бар еліміздің азаматтары, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады.
Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмаған жағдайда туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар, егер олар басқа ата-ананың отбасында екені ескерілмесе, өгей балалары бар адамдардың (отбасылардың) бала күтіміне байланысты жәрдемақы алуға құқығы бар. Есепті кезеңде 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақыны 3,6 млрд теңге сомасына 123 мың адам алды.
Бала тууына және бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі – АЕК) байланысты белгіленеді. 2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға индекстелген.
Бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:
- бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 149 416 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 247 716 теңге.
Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ай сайын келесідей мөлшерде төленеді:
- бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
- екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
- үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
Бұдан басқа жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.
Аталған біржолғы төлемді жыл басынан бері жалпы сомасы 33,3 млрд теңгеге 23,6 мың адам алды, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 714 618 теңгені құрады.
Сондай-ақ МӘСҚ-дан бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-н құрайды. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады.
2025 жылы бұл төлем 24,2 мың адамға тағайындалды, ай сайынғы төлемнің орташа мөлшері 93 740 теңгені құрады. Төлем 37,2 млрд теңге сомасында берілді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артық.