KZ
Өскемен
-20°
плотный туман Штиль
499.11 521.12 5.58

ҚҚС: бюджеттің кірісін арттыру ғана емес, шығыстарды да азайтады

Кеше, 17:30 97 Гульжан Мусина

23 қаңтарда Үкімет отырысы өтіп, жиында ең көп талқыланған мәселе – қосылған құн салығын 12 пайыздан 20 пайызға өсіру болды. Экономистер мен кәсіпкерлер мұндай шешімнің нарыққа, тауарлар бағасына және инфляция деңгейіне айтарлықтай әсер ететінін жеткізді.

Дегенмен бұл жайт қоғамда түрлі пікірталасқа ұласты. 20 пайыз тым көп екені айтылды. Осы жағдайға баса назар аударған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда қосымша құн салығын қайта бір пысықтауды тапсырды.

Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет», - деді мемлекет басшысы. Яғни, экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқа әзірленуі керек. Қалай десек те, қосылған құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуі тиіс. Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып, биыл нақты шешім қабылдануға тиіс деп тапсырды Тоқаев.

Осыған орай, экономист Алмас Чукин құн салығын салудың айналым шегін азайту мәселесі туралы пікір-пайымын білдірді.
Оның айтуынша, дәл қазір мемлекет кіріс пен шығысты балансқа алу керек. Қазақстанда әлеуметтік бюджет туралы көп айтады. Сол үшін шығын мөлшері көп. Биыл 2,5 трлн қаражатқа шығындалғанбыз. Бюджеттің 70%-ы әлеуметтік төлемдерге жұмсалып отыр. Шығынның жылдан жылға көбеюуіне айлық есептік көрсеткіштің өсуі себеп. Сонымен қатар, зейнетақының инфляциясы артып келеді. Биыл автоматты түрде 2 трлн теңге шығынға кетсе, былтыр бұл көрсеткіш 23 трлн болған. Жыл сайын шығындар автоматты түрде өседі. Ал кірістер, өкінішке қарай, өспейтіні белгілі.
Үкімет алдында үлкен міндет тұр – ол бюджетті теңгерімдеу. Мұнда екі негізгі бағыт бар. Бірінші бағыт салықтарды көтеру – жалақыға салынатын салықтар мен ҚҚС мөлшерлемесін арттыру. Бұл қосымша 3-4 трлн теңге түсім әкеледі деп болжанып отыр. Екінші міндет – тек бюджеттің кірісін арттыру ғана емес, шығыстарды да азайту. Бізге ең алдымен қаражаттың тиімді жұмсалуын қарастыру қажет. Себебі, тиімсіз шығындар өте көп. Кей жағдайларда сыбайлас жемқорлық немесе көлеңкелі экономикаға байланысты мәселелер кездеседі. Сондықтан дәл қазір басты міндет – осы», - дейді Алмас Чукин.

Дамыған мемлекеттер шығынды салықпен жабады
Қосымша құн салығының пайыздық мөлшерлемесін көбейту жайы бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Экономист Сапарбай Жобаев Қазақстандағы салық реформасы жайлы 5 жылдан бері айтылып келе жатқанын қаперге салып өтті. Себебі, соңғы 4-5 жылда бюджетте тапшылық байқалады.  

«Әдетте дамыған, өркениетті мемлекеттер барлық шығынның орнын салықпен жабады. Үкімет соның есебінен өзінің қызметтерін жүзеге асырады. Әсіресе, білім, денсаулық, әлеумет, қорғаныс, тәртіп, мемлекеттік басқару салалары ақшаны көбірек керек етеді. Осы мәселені 2024 жылғы ел бюджетіне қарап айтар болсақ, шығыс 21 триллион болған, ал салықтан 15-16 триллион түсу керек еді. Бізде керісінше, бар болғаны 12 триллион түсіп, 3,5 триллионы қалыс қалған. ҚҚС-ны негізінен квазимемлекеттік кәсіпорындар төлеуден жалтарады. Олар бюджетке салық төлеудің орнына, керісінше, қазынадан ақша алуға, ұлттық қорға қол салуға үйреніп қалған. Бұл - біздің олигархтар», - деп түсіндірді экономист маман.  

Оған нақты мысал да бар. Өткен аптада Премьер-министр Олжас Бектенов елдегі ірі кәсіпкерлерге салық сомасын екі аптадан кешіктірмей төлеуді қатаң тапсырды. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниясы жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар.Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі. Баршадан екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын», - деп мәлімдеді Бектенов. 

Осы ретте айта кету керек, елімізде 2,3 млн салық төлеуші тіркелген. Оның 8%-ы немесе 137 мыңы ғана – ҚҚС төлеушілер. Жалпы субъектілер санының 81%-ы оңайлатылған декларацияны пайдалана отырып, арнайы салық режимінде жұмыс істейді, ал олардың 85%-ы 15 млн теңгеге дейінгі кірістерді көрсетеді. 

Сондықтан, ең алдымен бюджет ашық болуы тиіс дейді сарапшылар.
ҚҚС мөлшерлемесін көтеру – Ұлттық қордан ақша алуды азайтады
Қаржыгер Жарас Ахметовтің айтуынша, бұл жұмыс алғашқы кезде қоғамда қарсылық пен ыңғайсыздық тудыратыны анық. Дегенмен, көп уақыт өтпей азаматтар жаңа жағдайға бейімделіп, экономика нығаяды.

Салық саясаты барынша ашық жүргізілуі үшін халыққа есеп ашық берілуі қажет. Өкілдік демократияны дамыту және азаматтардың негізгі шешімдерді қабылдауға қатысуын кеңейту, мысалы, қоғамдық талқылаулар, жария есептер мен бақылау механизмдері мемлекетке деген қоғам сенімін арттырудың маңызды құралы. Азаматтар нақты нәтижелерді көрген жағдайда ғана салықтардың өсуін қажет шара ретінде қабылдай алады», - дейді Ж.Ахметов. 

ҚҚС мөлшерлемесін көтеру салық түсімдерін көбейтеді. Сонымен қатар,  бюджет кірісін 5-7 трлн теңгеге дейін ұлғайтады және бұған дейін бірнеше рет талқыланған Ұлттық қордан қаражат алуды тоқтатуға мүмкіндік береді.
Әр түрлі қажеттілікке байланысты қаржыны Ұлттық қордан алып жатырмыз. Қашанға дейін ала береміз?! 2014 жылы Ұлттық қорда 76 миллиард доллар ақша бар еді, бүгінде 58 миллиард қалған. 30 миллиардқа жуығы жұмсалып кетті. Егер осындай үрдіспен кете берсек, оқытушылар мен дәрігерлердің айлығын 2 есе азайтуға мәжбүр боламыз. Сондықтан, салықты көбейту керек. Болмаса жүктемені 25%-ға жеткізген жөн. Мәселен сол жеке табыс салығын, корпаративті табыс салығын, ҚҚС сәл көбейтіп, бюджеттің табыстарын 70-80% жеткізу қажет. Сонда ғана Ұлттық қордың бүйірі  тесілмейді», - деп түсіндірді экономист Сапарбай Жобаев.

Ал Алмас Чукин биылғы бюджет бойынша Ұлттық қордан 5,5-5,6 трлн теңге алу жоспарланғанын айтады. Алдағы үш жыл бойы екі трлн теңге бөлінеді. Бірақ бюджетке қажетті үш-төрт трлн теңгені салық арқылы жинау көзделген. Барлық қажетті қаражатты тек салық арқылы жинау – халық үшін ауыр болар еді. Сол себепті Президент бұл процесті жұмсақ жүргізуді тапсырды. Компромисс ретінде бастапқыда қарастырылған 20%-дық салық өсімін 4%-ға дейін шектеу шешімі қабылданды. Яғни, ҚҚС мөлшерін бірден 20%-ға көтермей,  12%-дан 16%-ға өсіру көзделуде. Бізге ең алдымен қаражаттың тиімді жұмсалуын қарастыру қажет. Себебі тиімсіз шығындар өте көп. Кей жағдайларда сыбайлас жемқорлық немесе көлеңкелі экономикаға байланысты мәселелер кездеседі. Сондықтан дәл қазір басты міндет – осы.

Айта кетейік, әлемнің 170-тен астам мемлекеті тауарлар мен қызметтерге қосылған құн салығын алады. Олардың кейбіреулері төмендетілген мөлшерлемелерді қолданады және белгілі бір тауарлар мен қызметтерді салықтан босатады.Tax Foundation мәліметі бойынша, 2024 жылдың қаңтарында Еуропалық Одақтағы ҚҚС-тың орташа стандартты мөлшерлемесі 21,6% болды. ЕО-да мүшеелдердегі ҚҚС ставкалары 15% - дан төменболмауы керек дегенереже бар. ЕО-дағы ең жоғары ҚҚС ставкалары Венгрияда (27%), сондай-ақ Хорватияда, Данияда және Швецияда (әрқайсысы 25%) белгіленді. Германияда ҚҚС мөлшерлемесі 19%, Испанияда — 21%, Италияда — 22%.

Pricewaterhouse Coopers мәліметтері бойынша Армения, Болгария, Түркия және Ұлыбритания сияқты елдерде 20% ҚҚС мөлшерлемесі қолданылады. Ресейдегі ҚҚС-тың стандартты мөлшерлемесі де 20% шамасында.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу