KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
518.34 591.06 6.27

ШҚО-да жылыту маусымы іркіліссіз өтті

Фото: ӨКҚ

11.04.2025, 14:30 222 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысы 2024-2025 жылғы жылыту маусымын ешқандай іркіліссіз және төтенше жағдайсыз сәтті аяқтады. Бұл – өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстар мен ірі инфрақұрылымдық жобалардың нәтижесі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қатты аязға қарамастан, облыстағы коммуналдық желілер үлкен жүктемеге төтеп берді. Бұл орайда облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, маусым алдындағы жөндеу жұмыстары шешуші рөл атқарды. Атап айтқанда, 68,5 шақырым жылу желісі, 13,3 шақырым су құбыры, 53 шақырым кәріз жүйесі және 603 шақырым электр желісі толық жөнделді.

– Әсіресе, Өскемен және Риддер қалаларындағы үш жылу электр орталығын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Бұл жұмыстардың жалпы инвестициялық көлемі 14,4 млрд теңгені құрады, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Нұрлан Рамазанов.

Жабдықтардың тозу деңгейі ең жоғары саналатын Риддер қаласында үлкен нәтижелерге қол жеткізілді. Бұрын 74,5 пайызды құраған тозу көрсеткіші бүгінде 45,7 пайызға дейін төмендеген. 2024 жылы бұл бағытқа қосымша 7,9 млрд теңге бөлініп, 19 шақырым жылу желісі ауыстырылды, алты қазан агрегаты мен үш турбогенератор толық жөндеуден өтті.

2025 жылы да бұл үрдіс жалғасады: тағы да 6 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Олардың ішінде – қазандықтарды жаңарту, отын беру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығын арттыру бар.

Қазіргі кезде Өскемен және Согра жылу электр орталықтарында күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа 8,1 млрд теңге бағытталды. Алдағы уақытта Өскемен ЖЭО-ның 9 қазан агрегатының алтауы, Согра ЖЭО-ның 3 қазандығының екеуі қалпына келтіріледі. Бұл шаралар – тұтыну көлемінің артуына байланысты, өңірдегі жылу мен энергиямен қамтамасыз етуді сенімді ету жолындағы нақты қадам.

2024 жылы облыста 7,64 миллиард кВт·сағат электр энергиясы өндіріліп, соның 7,19 миллиарды желіге берілді. Бір қызығы, соңғы бес жылда алғаш рет тұтынудан артық – 0,07 млрд кВт·сағ көлемінде артық энергия тіркелді.

– Бұл біздің энергетикалық жүйеміздің тұрақтанып келе жатқанын және ішкі резервтің қалыптаса бастағанын көрсетеді, – дейді Нұрлан Рамазанов.

Өңірдің энергетикалық болашағы да айқын. 2030 жылға дейін 595,3 МВт электр және 1214 Гкал/сағ жылу қуаты қосылады. Негізгі жоба – Өскемендегі ЖЭО-3 құрылысын жүргізу. Қуаты 360 МВт электр және 1024 Гкал/сағ жылу өндіруге қауқарлы бұл нысан Ресей Федерациясымен бірлесіп іске асады. Құрылыс 2025-2030 жылдар аралығында аяқталады.

Сонымен қатар облыс аумағында алты су электр станциясы салынады. Бұл жобалар Марқакөл, Катонқарағай, Зайсан аудандарында және Алтай өңірінде орналасады. Жалпы қуаты – 93,3 МВт. Бұл станциялар 2027-2030 жылдары пайдалануға берілмек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу