KZ
Өскемен
+17°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, СБ
518.34 591.06 6.27

ШҚО-да өртпен күрес шаралары күшейтілді

15.04.2025, 17:15 153 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысында өрт қаупі жоғары кезең басталды. Осыған орай өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бұқаралық ақпарат құралдарына брифинг өткізіп, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінгі күнге дейін облыс аумағында жалпы көлемі 178,8 гектарды құрайтын 4 орман өрті және 56,5 гектар аумақта 5 дала өрті тіркелген. Өрттің таралуын болдырмау және дер кезінде сөндіру – қазіргі басты міндеттердің бірі.
Айта кетейік, облыстың орман қоры 2,9 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде 1,6 миллион гектары орманмен көмкерілген. Бұл – еліміз бойынша ең ірі орман алқаптарының бірі. Сондықтан өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет.
Өрттің алдын алу мақсатында облыстық комиссияның отырысы өткізілді. Қазіргі таңда өртке қарсы шараларға 1589 маман және 306 техника жұмылдырылған. Лизинг арқылы республикалық бюджеттен 23 техника жеткізілсе, жергілікті бюджеттен тағы 30 техника алынған. Сонымен қатар, жақын арада республикалық бюджет есебінен тағы 9 техника жеткізілуге тиіс.
Өрт ошақтарын бақылау үшін ТЖД теңгерімінде 12 ұшқышсыз ұшу құрылғысы бар. Сондай-ақ, «Қазақстан ғарыш сапары» мекемесі арқылы термонүктелер бойынша ғарыштық мониторинг жүргізілуде.
Брифинг барысында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы орман иелерінің өрт қауіпті маусымға дайындығы тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Әкімдіктермен бірлесіп, өртпен күрестің жедел жоспарлары әзірленіп, патрульдеу схемалары бекітілген. Табиғи су көздеріне кіреберіс жолдары жасалуда, қажет жабдықтар мен инвентарьлар жаңартылып, жөндеуден өткізілді.
Өрт қауіпсіздігі жұмыстары тек орманмен шектелмейді. Облыстың шалғай ауылдарында өрт сөндіру бөлімшелері болмағандықтан, 48 өрт посты мен 9 ерікті құрылым жасақталды. Алтай және Марқакөл аудандарында қосымша екі жаңа өрт постының құрылысы басталды.
Жылдық жоспарға сай минералдандырылған жолақтар тарту және оларды күтімнен өткізу жұмыстары жүргізілуде: жаңадан 62 км жолақ жасалып, 540 км аумақ жаңартылатын болады.
Тұрғындар арасында түсіндіру және алдын алу шаралары да кең көлемде жүргізілуде. БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы туристерге, аңшыларға, балықшылар мен демалушыларға арналған арнайы түсіндірме жұмыстары қолға алынған. Қауіп жоғары болған жағдайда орманға баруға уақытша шектеу қойылуы мүмкін.
Айта кету керек, өрт сөндіру техникалары да жаңартылып отырады. Өткен жылы 5 жол талғамайтын трактор сатып алынса, биыл 65 өрт сөндіру техникасы жеткізілді. Тағы 110 техниканы алу жоспарда бар. Сонымен қатар байланыс құралдары жаңартылып, орман қорғау қызметкерлері оқытылуда. Биылдың өзінде 129 маман ШҚО ТЖД Азаматтық қорғау академиясында қайта даярлаудан өтті.
Айта кететін жайт, қазіргі уақытта тек Шығыс Қазақстан ғана емес, бүкіл республика бойынша өрт қауіпсіздігіне қатысты шаралар күшейтілді. Еліміздің барлық өңірлерінде орман және дала өрттерінің алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу