ШҚО-да күн райы күрт бұзылады

depositphotos.com
"Қазгидромет" ШҚ филиалының мәліметіне сәйкес, 19 сәуір күні Шығыс Қазақстан облысының бірқатар өңірлерінде қолайсыз ауа райы күтіледі. Түнде облыстың солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде қар жауып, жаяу бұрқасын, көктайғақ болады. Күндіз облыстың батысы, солтүстігі және шығысында жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ орын алуы ықтимал. Сонымен қатар солтүстік және шығыс аймақтарда тұман күтіледі.
Жел солтүстік-батыстан соғады. Түнгі уақытта облыстың солтүстігінде, ал күндіз батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде жел екпіні 15-20 м/с-ке дейін жетуі мүмкін. Өскемен қаласында түнде және таңертең қар жауып, көктайғақ болады. Таңертең және күндіз желдің жылдамдығы 15-18 м/с болады деп күтілуде.
Осыған байланысты ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға алыс жолға шықпауға кеңес береді. Егер сапарды шегеру мүмкін болмаса, жолда мұқият болуға, жол қозғалысы ережелерін, әсіресе жылдамдық пен қашықтық тәртібін қатаң сақтауға шақырады.
Желдің қатты екпіні кезінде қауіпсіз ғимаратқа жасырынған жөн. Үйлердің қабырғаларының жанында, аялдамаларда, жарнама тақтайшалары мен ағаштардың астында тұру қауіпті. Үзілген электр сымдарына және шайқалған маңдайшаларға жақындауға болмайды.
Кез келген төтенше жағдай кезінде "112" нөміріне хабарласыңыз.