ШҚО-да малға екпе салу ісі күшейтілді: 4,7 миллион доза вакцина егіледі
Шығыс Қазақстанда ветеринариялық қызмет ауыл шаруашылығын өркендету мен халық денсаулығын қорғауда шешуші рөл атқарып отыр. Бұл туралы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Брифингте ШҚО Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин өңірдегі ветеринариялық ахуал жайлы мәлімет берді. Бүгінде облыста 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын мен 99 ветеринариялық пункт жұмыс істейді. Бұл құрылымдарда 475 маман еңбек етіп, ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпті аурулардан қорғау бағытында жоспарлы шаралар жүргізіп келеді.
2025 жылға арналған жоспар бойынша жануарларда кездесетін 12 аса қауіпті ауруға қарсы 4,7 миллион доза вакцина егу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 2,2 миллионы жеткізіліп, бұл жалпы көлемнің 46 пайызын құрайды. Ал осы күнге дейін 539 833 профилактикалық шара жүзеге асырылған, яғни 11,3 пайызы орындалып отыр. Мәселен, сібір жарасына – 133 137, эмфизематозды карбункулға – 8619, аусылға – 102 100, ал түйінді дерматитке – 119 000 бас ірі қара егілген. Сонымен қатар, ұсақ мал, шошқа, ит және етқоректі жануарларға қатысты да кешенді ветеринариялық шаралар қолға алынған.
Жыл басынан бері 60 396 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде «Ветеринариялық анықтама беру» – 14 445 рет, «Ветеринариялық паспорт беру» – 45 951 рет рәсімделген. Бұл қызметтердің барлығы АШЖБ және БАБЖ ақпараттық жүйелері арқылы электронды түрде ұсынылуда. Сондай-ақ, «VET-MOBILE» мобильді қосымшасы іс-шаралардың тиімділігін арттырып, процестердің жедел өтуіне жол ашып отыр.
2025 жылғы жоспар бойынша облыстағы 484 265 бас ауыл шаруашылығы жануары бірдейлендірілуге тиіс. Оның ішінде – 178 900 ірі қара, 231 560 ұсақ мал және 57 500 жылқы бар. Қазіргі таңда бұл жұмыстардың 20,8 пайызы орындалған. Бірдейлендіру – тек есеп жүргізу ғана емес, жануарлардың ауру тарихын қадағалап, уақытылы ем-шара жүргізуге мүмкіндік беретін маңызды құрал.
Алайда облыста мал сою нысандары жеткіліксіз. Қазір тіркелген 56 нысан бар: 19-ы – сою пункті, 37-сі – сою алаңы. Бұл қажеттіліктің тек 68 пайызы ғана. Ветеринариялық талаптарға сай сапалы ет өнімін өндіру үшін бұл бағытта әлі де жұмыс жүргізу қажет. Заңнамаға сәйкес, сою алаңдарын салу – бизнес субъектілерінің, ал санитариялық союды ұйымдастыру – жергілікті биліктің міндеті.
Журналистердің сауалына жауап берген Ертай Батхолдин Тарбағатай ауданындағы құтыру дерегіне қатысты түсініктеме берді. Ақжар ауылдық округінде бір шаруашылықта құтыру дерегі анықталып, сынама Ветеринарлық бақылау комитетінің тәуелсіз зертханасына жіберілген. Ауру расталған бойда сол аумаққа карантин енгізіліп, жануарлар егілді. «Сәуір айының соңында шектеулерді алып тастаймыз деген жоспар бар. Бүгінде ахуал тұрақты, біз бақылауда ұстап отырмыз», – деді басқарма өкілі.
Жануарлар денсаулығы – азық-түлік қауіпсіздігінің, халық саулығы мен ел экономикасының негізгі тірегі. Ветеринариялық қызметті күшейту – бұл ауыл шаруашылығына жасалған маңызды инвестиция. Себебі, бұл саладағы әрбір алдын алу шарасы – болашақта болар індеттің алдын алып, қауіпсіз өніммен қамтамасыз етудің алғышарты.