KZ
Өскемен
-22°
плотный туман Штиль
499.76 521.7 5.63

ШҚО: Биыл ветеринариялық іс-шараларға 1,9 млрд теңге бөлінді

18.02.2025, 13:00 199 Төлеуғазы Жансая

Биыл ШҚО-да төрт түліктің инфекциялық ауруларын алдын алуға ерекше назар аударылатын болады. Өңірдің ветеринарлары 1,2 миллионнан астам диагностикалық зерттеу жүргізбек, оның ішінде бруцеллез бен аусылға тексеру болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Сонымен қатар эндемиялық аурулармен күрес аясында 2025 жылы 14 мың бас ірі қара малды гиподерматоздан, 60 мың бас ұсақ малды псороптоздан және 60 мың жылқыны мыттан вакцинациялау жоспарланған.

ШҚО-да 2025 жылы ветеринария саласындағы іс-шараларға 1 миллиард 922 миллион теңге бөлініп отыр, бұл қаржы 2024 жылмен салыстырғанда 251 миллион теңгеге артық.

– Бұл қаражат жануарлар арасында инфекциялық аурулардың алдын алу, диагностика және вакцинация жұмыстарын жүргізуге бағытталады. Атап айтқанда, аса қауіпті аурулардан, оның ішінде құтырма, бруцеллез, пастереллез және сібір жарасынан қорғау үшін шаралар қабылданады. Жалпы, 4,7 миллион доза вакцинациялау жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аздау, себебі жыл өткен сайын жануарлар арасында аурулар саны азайып келеді, – деді ШҚО ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

2024 жылы облыста 10 инфекциялық аурудың ошағы тіркелді, оның ішінде 6 жағдай құтырма, 1 жағдай эмкара және 3 жағдай бруцеллез болды. Қазіргі уақытта Күршім ауданының Теректібулақ ауылында бруцеллезге қарсы сауықтыру шаралары және Тарбағатай ауданында құтырмаға қарсы жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар ақпан айында аяқталмақ.

Барлық қиындықтарға қарамастан, облыста эпизоотиялық жағдай тұрақты және қатаң бақылауда. Ветеринариялық қызмет жыл сайын ауылшаруашылық жануарларының саулығын бақылауды күшейтіп, жағдайды жақсарту үшін жұмысты жалғастыруда.

 

Ержан Әбіш

Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу