KZ
Өскемен
-15°
туман жел 1 м/с, С
503.9 603.32 6.61

Ұлттық кітап күні: ШҚО-да танымдық іс-шара өтті

23.04.2025, 16:30 541 Ержан Әбіш

Биыл алғаш рет 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып ресми түрде аталып жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен белгіленген жаңа мереке аясында еліміздің түкпір-түкпірінде кітапқа құрмет білдірген түрлі шаралар өтуде. Соның бірі – Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында өткен «Қуатты елдің жастары – кітаппен» атты пікірталас алаңы, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шараға Өскемен қаласындағы «Төр Алтайдың әдеби әлемі», «Кітаппен өскен мен», «Кітап ал» әдеби-шығармашылық топтарының белсенді мүшелері – кітапсүйер жастар қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық әдебиетімізді дәріптеу және рухани даму жолында кітаптың маңызын арттыру.

Пікірталас алаңының шымылдығын қаламыздың белгілі балалар жазушысы Күлмай Сембайқызы ашып, өзінің өмір жолындағы кітаптың орны жайлы, кітап оқудың адам дамуына тигізетін ықпалы туралы мазмұнды ойымен бөлісті.

Сонымен қатар «Аманат» партиясы ШҚО филиалы жастар қанатының төрайымы Қорлан Туғамбаева сөз алып, кітап оқу мәдениеті, жастар арасында әдеби талғамды қалыптастыру туралы пікір білдірді.

Кеш барысында жас қаламгерлер мен әдебиетке жақын жастар – Қ. Дүргінбай, С. Қуанғанұлы, Ә. Әуезхан, Р. Асқарұлы, А. Досханұлы өз өлеңдерін оқып, сүйіп оқитын кітаптары туралы әсерлі ойларымен бөлісті. Шараға отбасымен келіп қатысқан кітапхана оқырмандары – Манарбекұлы Шыңғыс пен Ардаққызы Шырын балаға кітапты қалай қызықтырып оқытуға болатынын тәжірибелері арқылы айтып берді.

Кітап сүйер жастар «Кітап оқуды қай форматта қалайсыз?», «Қандай жанрларды оқуға құштарсыз?», «Кітап таңдағанда кімнің кеңесіне жүгінесіз?», «Сіз үшін кітап оқудың басты мақсаты не?», «Кітап оқу мәдениеті дегеніміз не?» сұрақтары төңірегінде қызу пікір алмасты.

Шараға музыкалық әр беріліп, жас өнерпаздардың орындауында әдемі әндер шырқалды. Қатысушылар арасында викториналық сұрақтар ойнатылып, жеңімпаздарға кітапхана атынан естелік сыйлықтар – кітаптар табысталды.

Бұл шара тек Ұлттық кітап күнін атап өтумен шектеліп қоймай, жастардың кітапқа деген ынтасын оятуға, шығармашылыққа деген құштарлығын арттыруға бағытталған маңызды мәдени қадам болды. Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, кітапхана қызметіне сәттілік тіледі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу