KZ
Өскемен
+20°
переменная облачность жел 1 м/с, С
507.07 572.53 6.37

Батыр ескерткішіне гүл шоқтары қойылды (видео)

9.05.2025, 13:15 244 Арайлым Орсаринова

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай Риддерде соғыста ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.

Салтанатты жиын майдан даласында ерлікпен қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Шараға қала тұрғындары, қоғам белсенділері, мектеп оқушылары мен жергілікті билік өкілдері қатысты. Жиын барысында Төлеген Тоқтаровтың Отан үшін жасаған ерен ерлігі аталып өтті.

 «Біздің бүгінгі бейбіт өмірге Төлеген Тоқтаров сынды батырларымыздың арқасында қол жетті», – делінді жүргізушілердің сөзінде.

Батырдың ескерткішіне алғашқы болып немере қарындасы Жұмабике Байкенова мен қала әкімі Думан Рахметқалиев гүл шоқтарын қойды. Оларға ілесе қаланың қорғаныс істері жөніндегі бөлімі мен жергілікті өндіріс ошақтарының ұжымдары, сондай-ақ басқа да ұйым қызметкерлері  батыр рухына тағзым етті.

 

– Мен ол кезде төрт-бес жаста ғана едім. Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров – әкемнің туған інісі. Соғысқа дейін осында әжем, яғни анасы Муслимамен, үлкен ағасы Құмардың отбасымен бірге тұрды. Соғыс басталғанда оны әскер қатарына шақырып, бәріміз қоштасуға жиналдық. Сонда маған үлкендер Төлеген ағаңнан деп, сыйлық ретінде туфли мен алқызыл шұлық бергендері есімде. Кейін бір күні ойнап жүріп, үйге жүгіріп келсем, анам жылап отыр екен. Не болғанын сұрағанымда, ағадан айырылып қалғанымызды айтты. Менің тілерім – бейбіт күн астындағы аспанымыз ашық болсын! Көп отбасыға қайғы-қасірет әкелген соғыс қайталанбасын!  – деді батырдың немере қарындасы Жұмабике Байкенова.

Тағылымды шара – Отан үшін от кешкен ержүрек батырдың ерлігі ешқашан ұмытылмай, ел жадында мәңгі сақталатынының дәлелі. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шаралар легі көпшіліктің орталық алаңда өткен концерттік бағдарламаны тамашалап, «Даңқ обелискі» мемориалына гүл шоқтарын қоюымен ары қарай жалғасты.

Фото/Видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу