Алтай ауданында анасымен бірге дүкенде жүрген 3 жасар бала жоғалды
Бірнеше күн бұрын Алтай ауданы полиция бөлімінің «102» жедел арнасына қала тұрғыны хабарласып кішкентай ұлының жоғалғанын хабарлаған. Баланың анасы 3 жасар ұлымен бірге азық-түлік дүкенінде сауда жасап тұрған сәтте, ғайып болғанын айтқан. Дүкеннің маңайын өзі тауып аламын деген үмітпен іздеген ана ұлын таппағандықтан полицияға хабарлауға мәжбүр болған.
Кішкентай баланы іздестіру жұмысы ұйымдастырып, нәтижесінде Алтай аудандық полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы полиция капитаны Талғат Маратұлы Сагынганов үй аулаларының бірінен тауып алған.
Талғаттың айтуынша, үрейленген бала анасын іздеп жылаған. Баланың денсаулығына еш қауіп жоқ екеніне көз жеткізгеннен кейін бала анасына жеткізілді. Баласын құшағына басып, көзі жасқа толы ана полицейге алғысын айтты.
ШҚО Полиция департаменті, ата-аналарға кішкентай балаларды назардан тыс қалдырмауды ескертеді.