Өскемен көшелеріндегі муралдар сыры
Соңғы жылдары Өскемендегі тұрғын үйлердің қабырғасын әдемі суретпен әрлеу сәнге айналып келеді. Ағымдағы жылы да қала әкімдігінің бастамасымен бірнеше мурал пайда болды. Көпшілікті тәнті еткен ірі көлемді өнер туындылары жай ғана көзге көрінер әдемілік емес, патртиоттық ерекше рух та сыйлайды. Елорданың Астанаға көшкеніне – 28 жыл толуына байланысты, айтулы мерекеге орай Қазақстанның заманауи бет-бейнесін ашып көрсететін шығармашылық жұмыстарға тоқталып өтуді жөн көрдік, деп хабарлайды Altainews.kz cайтының тілшісі.
Осымен үш жылдан астам уақыт бойы жалғасын тауып келе жатқан бұл үрдіс негізінде бірнеше нысан түрленіп, жаңа кейіпке енсе, жарқын бояуларға қанық түрлі композициялар қала көркін аша түсуде.
Мәселен, биыл қала әкімдігі қазақ халқының рухани байлығын, табиғи сұлулығын және мәдени мұрасын насихаттау мақсатында ұлттық киім киген қазақ қызының бейнесі, гүлдеген қызғалдақтар мен шексіз дала көрінісін бейнелейтін символикалық композицияны Әуезов даңғылы бойындағы көп қабатты үйлердің біріне көркем мурал түрінде салу бастамасын жүзеге асырды.
Монументалды арт-нысанның жалпы ауданы – 150 шаршы метрді құрайды.
Бұл мурал – тек сәндік безендіру ғана емес, сонымен қатар ұлттық болмыс пен тарихымыздың көркем көрінісі ретінде де маңызға ие. Онда бейнеленген қазақ қызы – сұлулық пен инабаттылықтың символы болса, ал қызғалдақтар – еліміздің табиғи байлығы мен көктемгі жаңарудың белгісі. Ал шексіз дала кеңістігі – қазақ халқының еркін рухы мен дархан пейілін білдіреді.
Бұдан бөлек, жаздың алғашқы күнінде Назарбаев даңғылы, 11-үйдің қасбетінде «Табиғатпен үндестікте» деп қар барысы бейнеленген мурал пайда болды. Барыстың суреті қазір Ушанов алаңының ажарын айшықтап, жолдың бойын әсемдеп тұр.
Қазақстан аумағындағы қар барыстары негізінен Шығыс Қазақстан мен оңтүстік-шығыс аймақтарда ғана кездеседі, сондықтан бұл мурал – тек көркемдік ғана емес, географиялық және экологиялық мәнге де ие.
Қар барысы – еліміздің мемлекеттік және мәдени символикасында ерекше орын алатын киелі бейне. Қазақ жерінің табиғи бай мұрасы, еркін рухы және ұлттық бірегейлігі, батылдығы мен өрлігінің нышаны. Яғни, бұл жыртқыштың бейнесі тек сирек кездесетін жануардың ғана емес, сонымен қатар, Қазақстан халқының табиғатпен үндестікте өмір сүруге деген ұмтылысын, биік мұраттар жолындағы табандылығын білдіретін символ.
Айта кетейік, қар барысының бейнесі түрлі спорттық жарыстарда, ұлттық брендтерде, экологиялық жобалар мен көркем шығармашылықта кеңінен қолданылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің байрағында да қар барысы бейнеленген – бұл оның Мемлекет басшысы ретінде ел егемендігін, тұрақтылығы пен қауіпсіздігін қорғаушы ретіндегі рөлін айқындайды.
Мурал арқылы қала тұрғындары мен қонақтары айнала қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, табиғат байлығына, соның ішінде ерекше қорғауды қажет ететін жануарларға жіті көңіл бөліп, назар аударуға мүмкіндік алды. Бұл – экотуризм мен табиғатты қорғау идеясын ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, қар барысы – ЮНЕСКО және БҰҰ қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Қар барысын сақтау бағдарламасының» негізгі нышаны.
Аталған екі муралдың авторы – Асхат Орынбасар. Кәсіби суретші әр туындысында табиғи түстерді, көлем мен кеңістікті шебер пайдалана отырып, тұрғын үйдің қаптал қабырғасына тұтастай салынған ұлттық киім киген қазақ қызының бейнесі, гүлдеген қызғалдақтар мен шексіз дала көрінісін және «Табиғатпен үндестікте» жазуымен қар барысын көз тартарлық деңгейде нақыштай білген.
Жақында Астана күні мерекесіне орай Өскеменде тағы бір мурал пайда болды. Қала әкімдігінің тапсырысымен жүзеге асқан жоба Елорданың 28 жылдығына арналған. Туынды авторы – Темірлан Әбенов.
Әміре Қашаубаев көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына елорданың басты символдары – Ақорда, Бәйтерек, Хан Шатыр және заманауи қазақ қызы бейнеленді. Муралдың жалпы аумағы – 150 шаршы метрді құрайды.
Осылайша, автор өз жұмысында дәстүрлі және заманауи стильдерді үйлестіре отырып, көркемдік тұрғыдан терең мазмұнға ие бірегей туынды жасап шыққан.
Қала әкімдігі осы бастама арқылы Өскеменнің сәулеттік келбетін жаңғыртып қана қоймай, тұрғындарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, тарихи-мәдени және табиғи мұраларды сақтауға, қорғауға үндейді. Сонымен, қала көшелерінің бойындағы тұрғын үй қабырғалары көпшілікке өзіндік мән-мағынаны жеткізетін мәдени платформаға айналуда.
Аталған жоба арқылы қала әкімдігі жастардың туған елге деген сүйіспеншілігін арттыруды, рухани құндылықтарды ұлықтауды және заманауи қалалық кеңістікте ұлттық құндылықтарды насихаттауды мақсат етеді.
Фото: Өскемен қаласы әкімдігі, А. Орынбасардың әлеуметтік желідегі парақшасы