KZ
Өскемен
-1°
снегопад жел 7 м/с, В
522.38 612.6 6.54

Өскеменде Астана символдары бейнеленген мурал салынды

1.07.2025, 09:00 298 Төлеуғазы Жансая

 

Елорда күні қарсаңында Өскемен қаласында жаңа көркем арт-нысан пайда болды. Әміре Қашаубаев көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына елорданың басты рәміздерін бейнелейтін көлемді мурал салынды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қала әкімдігінің бастамасымен жүзеге асқан жоба Елорданың 27 жылдығына орайластырылды. Қабырғаға салынған муралдың жалпы аумағы – 150 шаршы метр. Онда Астананың сәулеттік нышандарына айналған Бәйтерек, Хан Шатыр және Ақорда бейнеленген. Авторлар бұл туынды арқылы заманауи Қазақстанның бет-бейнесін, өңірлер арасындағы бірлікті және Отанға деген сүйіспеншілікті білдіруді көздеген.

Жаңа мурал тек мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, шағын ауданның көркін арттырып, қаланың көркемдік реңіне айрықша өң берді. Көпқабатты тұрғын үйдің сұр қабырғасы жарқын композициямен әрленіп, жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарының назарын аударуда.

Айта кетейік, бұл – Өскеменде қабырғаға сурет салу бойынша алғаш рет қолға алынып отырған жоба емес. Қала әкімдігі мен жергілікті суретшілердің қолдауымен соңғы жылдары бірнеше көркем мурал бой көтеріп, олар қаланың мәдени бейнесін жаңғыртудың маңызды бөлігіне айналып келеді.

Дамир Омаров

фото/видео: Өскемен қаласы әкімдігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу