KZ
Өскемен
+22°
пасмурно жел 4 м/с, З
518.97 607.3 6.64

Өскеменде «Домбыра күні – ұлттың үні» атты кітап көрмесі ашылды

5.07.2025, 17:00 121 Ержан Әбіш

1 шілдеден бастап А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада халқымыздың ең танымал әрі сүйікті ұлттық музыкалық аспабына арналған «Домбыра күні – ұлттың үні» атты кітап көрмесі жұмысын бастады. Биыл бұл мереке 6 шілде күні аталып өтпек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Айта кетейік, Ұлттық Домбыра күні 2018 жылдың 13 маусымында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген болатын. Содан бері бұл атаулы күн шілде айының алғашқы жексенбісінде тұрақты түрде тойланып келеді.

Домбыра — жай ғана музыкалық аспап емес. Оны Қазақстанның жеті кереметінің бірі деп атайды. 2007 жылы отандық ғалымдар еліміздің тарихына айрықша әсер еткен жеті бірегей мәдени құбылысты атаған. Солардың ішінде домбыраның орны ерек. Ешбір аспап домбырадай танымалдыққа ие емес, әрі оған деген махаббат пен құрмет те ерекше.

— Алайда бұл аспаптың үнін шын сезініп, жан-дүниесін ұғыну үшін оның рухын түсіну қажет, – дейді өнер жанашырлары.

Көрмеге қазақ мәдениетінің символына айналған домбыраның тарихы туралы әдебиеттер, сондай-ақ Құрманғазы, Тәттімбет, Дина Нұрпейісова сынды күй өнерінің классиктері мен ұлы композиторлары жайлы кітаптар қойылған.

Көрменің ерекше экспонаты – шебер Жолаушы Тұрдығұлов жайлы Зоя Рабилованың «Жолаушы» атты монографиясы. Биыл 15 шілдеде ұлттық музыкалық аспаптарды жасаудың хас шебері 75 жасқа толады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Жолаушы Тұрдығұловты шетелде «қазақтың Страдивариі» деп те атайды. Оның қолынан шыққан домбыралар Қазақстан ғана емес, шет мемлекеттерде де жоғары бағаланады.

Фото: А. Пушкин атындағы облыстық кітапхана ұсынған

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу