KZ
Өскемен
-3°
небольшая облачность жел 4 м/с, ОШ
519.61 610.13 6.54

Ауыл мектептерінің деңгейі көтерілуде: 1,5 мың мектеп жаңа жобаға қосылады

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

9.07.2025, 11:40 245 Айна Ескенқызы

Қазақстанда мектептердің басым бөлігі – ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл мектептердің көбі – шағын жинақты, яғни оқушы мен мұғалім саны аз. Осындай білім ордаларындағы оқу сапасын көтеру үшін 2023 жылдан бастап елімізде «Ауыл мектебі – сапа алаңы» атты ауқымды жоба жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап

Бұл бастама ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасын теңестіруге бағытталған. Мәселен, Ақтөбе облысында цифрлық технологиялар арқылы ауыл мектептерінің әлеуеті артып жатса, Алматы облысында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге көңіл бөлінуде. Ал Маңғыстауда – «Отпан» тірек мектептері, Ұлытауда – «Ustaz Ulytau» жобасы іске асырылуда.

Қанша мектеп қамтылды?

2023 жылы Ақтөбе облысында 12 тірек мектеп пен 134 шағын жинақты мектеп жобаға қосылса, 2024 жылы Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарынан тағы 10 тірек пен 30 шағын мектеп қатысуда.
2025–2026 оқу жылында бұл қатарға тағы 1600 ауыл мектебі қосылады деп күтілуде.

Нәтиже қандай?
    •    Мектептердің материалдық базасы жаңартылды
    •    Заманға сай пәндік кабинеттер мен цифрлық құрылғылар орнатылды
    •    Жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілді
    •    Онлайн оқыту жүйесі енгізілді

Онлайн сабақтардың арқасында бір пәнді терең меңгерген білікті мұғалім басқа мектептің оқушыларына да қашықтан білім бере алады. Бұл – сапалы білімге қолжетімділікті арттырып қана қоймай, ауыл мұғалімдерінің кәсіби дамуына да сеп.

Мұғалімдерге қолдау

Жоба аясында мұғалімдерге арнайы курстар мен тренингтер өткізіліп жатыр. Олардың ішінде цифрлық сауаттылықты арттыру, жаңа технологияларды қолдану, оқу бағдарламаларын ауыл мектебіне бейімдеу сияқты маңызды тақырыптар бар. Осы күнге дейін 10-нан астам республикалық шара ұйымдастырылып, бұл жұмыс жалғасуда.

Бұл жоба ауыл баласының білім сапасын арттырып, болашағына жаңа жол ашуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу