Интернет-алаяқтықпен күрес: дропперлер қылмыстық жауапкершілікке тартылады
Фото: gov.kz
Қазақстанның Бас прокуратурасы ел азаматтары өздерінің төлем құралдарын – банктік карталары мен жеке шоттарын үшінші тұлғаларға заңсыз, материалдық сыйақы алу мақсатында берген жағдайда, бұл әрекеттері үшін қылмыстық жазаға тартылатындықтарын ескертті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Ведомствоның арнайы мәлімдемесіне сәйкес, қазіргі уақытқа дейін қадағалаушы орган өкілдері қылмыс жасауға көмектескен 6 мыңнан астам дроппердің жеке басын анықтаған.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінде елімізде интернет-алаяқтық пен есірткі құралдарының заңсыз айналымына тартылған 50 мыңнан астам азамат бар.
Аталған заң жобасы қазіргі уақытта Сенаттың мақұлдауына ұсынылған. Құжатта жеке тұлғаның деректерін үшінші тұлғаларға заңсыз негізде және материалдық сыйақы алу мақсатында таратқан дропперлерді Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген.
Жаңа заңға сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін тек айыппұл ғана емес, сондай-ақ, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Алаяқтыққа қатысы бар дропперлердің барлық банктік шоттары бұғатталады. Сонымен қатар, олар күдікті тұлғалар тізіміне енгізіліп, қаржылық қызметтерді пайдалану мүмкіндігіне шектеу қойылады. Соңында мұндай азаматтар сот үкімімен нақты мерзімге бас бостандығынан айырылуы ықтимал.
Аталған заң қылмыстық схемаларды жүзеге асыру кезінде өз шоттарын және шетелдік банктік шоттарды пайдалануға мүмкіндік берген шетел азаматтарына қатысты да қолданылады.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 232-1-бабына сәйкес, егер адам күмәнді әрекеттерге тартылғанын түсініп, бұл туралы уәкілетті органдарға уақытылы хабарласа және қылмыстың ашылуына белсенді түрде ықпал етсе, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Егер сіздің шотыңызды бұған дейін үшінші тұлғалар қолданған болса, құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында банк бөлімшесіне дереу жүгініңіз немесе онлайн-банкинг арқылы картаңызды өзіңіз бұғаттаңыз.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы азаматтарды қаскөйлердің құралдарына айналмауға шақырады.