Ауыл медицинасы дамуда: 508 нысанның құрылысы аяқталды
Фото: ortcom.kz
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын жаңғырту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Соңғы үш жыл ішінде елімізде 633 денсаулық сақтау нысаны салынды.
Солардың қатарында Ұлттық ғылыми онкология орталығы, Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы және Алматыдағы Ұлттық инфекциялық аурулар ғылыми орталығы сынды ірі медициналық мекемелер бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың мамыр айында Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдық елді мекендерде денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 655 нысанның 508-інің құрылысын аяқтады. Бұл жұмысқа 104,6 млрд теңге бөлінді, оның 40 млрд теңгесі – жеке инвестициялар.
2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, инвестиция көлемі 12%-ға артқан. Бұл денсаулық сақтау саласына қаржы тарту табысты жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.