KZ
Өскемен
-5°
небольшой снег жел 5 м/с, ОШ
503.35 590.63 6.62

Емдеу мекемелері енді картада: Денсаулық сақтау жүйесі цифрлануда

22.06.2025, 09:00 269 Гульжан Мусина

Қазақстанда халыққа көрсетілетін медициналық қызметті жақсарту үшін денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңартылып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, бүкіл ел бойынша медициналық нысандарды қамтитын цифрлық карта әзірлеуде. Бұл карта — елдегі ауруханалар мен емханалардың орналасуы, жабдықталуы, жағдайы жөніндегі нақты ақпаратты бір жерден көруге мүмкіндік береді деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жоба пилоттық режимде 10 өңірде сынақтан өтті, енді қалған аймақтар да қамтылуда. Жалпы алғанда, 2024–2030 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы аясында 34 ірі жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұған ғылыми орталықтар, перинаталдық орталықтар, университеттік клиникалар кіреді.

Бүгінде үш маңызды нысан ел игілігіне берілді:

Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығы;

Астанадағы Ұлттық шұғыл медицина орталығы;

Алматыдағы Инфекциялық аурулар ұлттық ғылыми орталығы.

Ауылға медициналық қызмет жақындай түсті

Ауылдағы денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмауда. Ұлттық жобаның арқасында еліміз бойынша 479 алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) нысаны салынды. Бұрын мүлде медициналық көмек болмаған 178 ауылда жаңа емдеу мекемелері ашылды. Тағы 301 нысан тозығы жеткен ғимараттардың орнына бой көтерген. Бұл ел ішінде сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін айтарлықтай арттырып отыр.

2025 жылдың соңына дейін тағы 176 нысанның құрылысы аяқталуға тиіс. Жаңа емханалар мен медициналық пункттер түрлі климаттық және сейсмикалық жағдайларға лайықтап жасалған эталондық жобалар негізінде салынып жатыр. Бұл тәсіл жобалау мен құрылыс мерзімін қысқартып, мемлекет қазынасынан 16,5 миллиард теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді.

Жаңадан салынып жатқан нысандарда отандық құрылыс материалдарының үлесі 80 пайыздан асады. Бұл жергілікті өндірушілерді қолдауға да серпін беріп отыр.

Дамир Омаров

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу