Елімізде 4,2 мыңнан астам азамат жаңа бизнес-идеяларға грант алды
depositphotos.com
Жыл басынан бері әлеуметтік осал санаттағы 4 207 қазақстандыққа жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттар берілді. Оның ішінде 2 665-і – ауыл тұрғындары. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасаған Altainews.kz хабарлайды.
Жалпы биыл 9 080 грант беру жоспарланған. Алғашқы ағым бойынша өтінімдер 21 мамыр мен 3 маусым аралығында қабылданды. Қазіргі таңда барлық өтінімдер қаралып, грант алушылардың шоттарына қаражат аударылды.
Министрліктің мәліметінше, барлығы 11,5 мыңнан астам өтінім түскен. Оның ішінде көпбалалы отбасылардан – 7 450, мүгедектігі бар адамдардан – 1 856, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардан – 1 334, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 289, асыраушысынан айырылғандардан – 384, қоныс аударушылардан – 93, қандастардан – 73 өтінім келіп түсті.
Өңірлер бойынша ең көп өтінім Түркістан (2 065), Қызылорда (1 296), Жамбыл (1 133) облыстары мен Шымкент қаласынан (934) түскен. Ең азы – Ұлытау (78) мен Қостанай (202) облыстарынан.
Гранттар негізінен келесі бағыттарға берілді: технологиялық жабдық сатып алуға – 1 856, құрал-сайман мен инвентарь алуға – 1 236, мал шаруашылығына – 1 013, ғимаратты жалға алуға – 60, егіншілікке – 42 грант.
Алушылардың санаттары бойынша: көпбалалы отбасылар – 2 723, мүгедектігі бар адамдар – 657, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар – 488, атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 126, асыраушысынан айырылғандар – 145, қоныс аударушылар – 39, қандастар – 29 адам.
Гранттар аудандық/қалалық комиссия шешімі негізінде Еңбек ресурстарының ұтқырлығы орталықтары арқылы беріледі. Претенденттер өз бизнес-жобаларын комиссия отырысында таныстырады.
Комиссия мүшелері жобаларды келесі критерийлер бойынша бағалайды: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының зерттелуі, қаржылық тұрақтылығы, кәсіпкерлік қабілеттер деңгейі мен жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі.
Шешім комиссиялық негізде және нақты бағалау талаптары бойынша қабылданады.
Дмитрий Чжан