KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 2 м/с, ОШ
503.35 590.63 6.62

Ел құрамасы әлем чемпионатының қола медалін иеленді: жүлдегерлердің үшеуі – Шығыстан  

Фото: kazsports.kz

31.07.2025, 09:00 1 078 Ержан Әбіш

Грузияда өткен семсерлесуден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи жеңіске қол жеткізді. Ел спортында алғаш рет шпагадан ерлер арасындағы командалық жарыста қазақстандық спортшылар қола жүлдеге ие болды. Бұл жетістік – елімізде спортты дамытуға бағытталған кешенді жұмыстың жемісі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazinform агенттіктеріне сілтеме жасап.

2025 жылғы әлем чемпионатының тарихи жүлдегерлері – Кирилл Проходов, Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов және Эльмир Әлімжанов. Атап өтерлігі, алғашқы үшеуі – біздің жерлестер, Шығыс Қазақстан облысының тумалары.

Қола үшін шешуші кездесуде Қазақстан құрамасы Францияны 45:31 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Осылайша, мұндай деңгейдегі командалық жарыстағы алғашқы медаль тарихқа алтын әріппен жазылды.

Айта кетейік, тарихи жартылай финалға дейін қазақстандық спортшылар Ресей, Қытай және Италия командаларынан басым түсті. Ал жартылай финалда біздің шпажистер Жапониямен тартысты бәсекеде алты ұпай айырмасын сақтап қала алмай, екінші мәрте қатарынан жеңіліп қалды. Маусым айында да Азия чемпионатының финалында сол жапон құрамасынан есе жіберген болатын.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы (СДД) бұл жеңісті ерекше атап өтті. Баспасөз қызметінің жетекшісі Аян Төлегеннің айтуынша, бұл – Қазақстан үшін жаңа спорт түрлерін бағындыру жолындағы елеулі қадам.

– Біздің мушкетерлер алауды тұтатты десе де болады! Бұл төрттіктің ішінде өзім үшін нағыз Портос – Вадим Шарлаимов. Ол шынымен де керемет өнер көрсетті. Мен спорт ішіндегі адам ретінде мемлекет бұл бағытқа қаншалықты көңіл бөліп отырғанын жақсы білемін. Бүгінде біз әлемдік деңгейдегі бапкерлермен қамтамасыз етілдік, халықаралық оқу-жаттығу жиындары мен беделді турнирлерге тұрақты қатысып жүрміз. Соның нақты нәтижесі – осы тарихи қола жүлде, – дейді ол.

Төлегеннің пікірінше, бұл жетістік Қазақстан спортының дәстүрлі емес бағыттарға да ден қойып жатқанын дәлелдейді.

– Біздің мықтылығымыз тек бокс пен күресте емес. Біз гимнастикада, мәнерлеп сырғанауда, енді міне, семсерлесуде де бәсекеге қабілетті екенімізді көрсеттік. Бұл – жаңа буын спортшыларының қалыптасып келе жатқанын білдіреді, – деп атап өтті ол.

Спортты дамыту дирекциясы бұл жүлдені жаттықтырушылар штабы, федерация, мамандар мен спортшылардың бірлескен еңбегінің жемісі деп бағалады. Қазақстандық семсерлесушілер шеберліктерін ғана емес, жеңіске деген ерік-жігерін де паш етіп, әлем аренасында ел абыройын асқақтатты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу