Бағанашылдағы балалар орталығына қатысты жұмыстар жалғасуда
stock.adobe.com
Алматы қаласындағы Бағанашыл балалар үйін Қонаев қаласына көшіру туралы дау қоғамда резонанс тудырып, көшіру тоқтатылған болатын. Қазір мекеме Алматы қаласының меншігіне өтіп, тәрбиеленушілер сол жерде қалатын болды. Келесі жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілмек, ал балалар уақытша қауіпсіз ғимаратқа орналастырылады. Алматы облысындағы «Арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі облыстық орталық» (бұрынғы «Бағанашыл» орталығы) төңірегіндегі жағдай бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының жүйелі жұмысы жалғасуда. Бұл туралы Қазақстандағы балалар үйі түлектері қауымдастығынің президенті Рафаэль Гасанов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі кезде бұл топ күнделікті негізде жұмыс істеп, нысанға барып, барлық өзекті мәселелерді жан-жақты қарастыруда. Жұмыс тобының құрамына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, қалалық мәслихат депутаттары, Алматы қоғамдық кеңесінің мүшелері, білім басқармасы мен білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің, сондай-ақ өзге де жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
Қазіргі кезде атқарылған жұмыстар: Бағанашыл орталығының ғимараты мен жер телімі ресми түрде Алматы қаласының коммуналдық меншігіне берілді. Орталық қызметкерлерін Алматы қалалық білім басқармасы жүйесіне өткізуге қатысты құжаттар пакеті дайындалды. Бұл процестер заң талаптарына сай, бірізді түрде іске асуда. Бағанашыл орталығының тәрбиеленушілері Алматы қалалық білім беру мекемесінің қарауына берілді. 2026 жылы ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу кезінде балалар уақытша басқа білім беру ұйымдарына орналастырылып, олардың қауіпсіздігі мен қажетті жағдайлары толығымен қамтамасыз етіледі.
Қоғам тарапынан келіп түскен барлық сұрақтар тіркеліп, шұғыл түрде қарастырылуда. Бірде-бір өтініш жауапсыз қалмайды.
Балалар құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Сондықтан Бағанашыл орталығына қатысты барлық ұйымдастырушылық және әлеуметтік мәселелер толық шешімін тапқанға дейін жұмыс тобы өз қызметін жалғастыра береді. Жұмыс оқу-ағарту министрлігімен, Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе отырып үйлестіріліп жатыр.
Бұл жағдай – билік пен қоғам арасындағы ашық диалог пен жауапкершіліктің нақты көрінісі болып отыр.