«Бағанашыл» балалар үйі Алматыда қалады – Президент
Фото: Тengrinews.kz
21 шілдеде Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру процесі қоғамдық дау туғызған еді. Жанжал кезінде кейбір тәрбиеленушілер жаңа орынға көшуден бас тартып, бұл мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алматы облысы әкімдігінің хабарлауынша, балалар апатты деп танылған ғимараттан Қонаевтағы заманауи әрі қауіпсіз мекемеге көшірілуге тиіс болған. Әкімдік бұл қадамды балалардың жайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасау мақсатымен түсіндірген.
Баспасөз қызметінің айтуынша, көпшілік бала жаңа орталыққа көшуге келісім берген, тек 8-10 шақты, негізінен ересек тәрбиеленуші көшуге қарсы болған.
Алайда бұл жағдайдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені жеке бақылауына алды. Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға балалардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыруы үшін балалар үйін жөндеп, оны қаланың балансына қабылдауды тапсырды.