KZ
Өскемен
-13°
туман жел 2 м/с, З
504.6 594.27 6.48

Ұлттық рухтың іргетасы: Материалдық емес мәдени мұра

26.09.2025, 11:00 410 Айжанат Бақытқызы

Өскемен қаласындағы облыстық музей-қорығында «ШҚО-да материалдық емес мәдени мұра элементтерін насихаттау, сақтау және дамытудағы БАҚ-тың рөлі» атты семинар өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі

Ұлттың өміршеңдігін айқындайтын ең маңызды құндылықтардың бірі – оның материалдық емес мәдени мұрасы. Бұл – ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлер мен танымдардың жиынтығы, халықтың рухани төлқұжаты.

Қазақ халқының бай мәдениетінде мұндай мұралар жетіп артылады. Айтыс пен терме, күй мен жыр, бесік жыры мен баталар, қолөнер – барлығы халқымыздың рухани болмысын, дүниетанымын және өмір сүру дағдысын айшықтап тұрады.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде осы мұралардың жоғалып кету қаупі де жоқ емес. Технология мен жаңалықтың тасасында қалып қойғандай көрінген кейбір салт-дәстүрлерімізді кейінгі буын ұмыта бастады. Дәл осы кезеңде мәдени тамырымыздан ажырамай, ұлттық болмысымызды сақтап қалу бұрынғыдан да маңызды. 

Материалдық емес мәдени мұра – тек көне салттар ғана емес, бүгін де өмір сүріп, қазіргі қоғаммен үндесіп жатқан тірі дәстүр. Мысалы, ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдарды сәнге айналдыру, домбыраны мектепте үйрету, ұлттық тағамдарды насихаттау – бәрі осы рухани мұраның қайта жаңғыруының айғағы.

Осы мұраны сақтау үшін мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар жасалып, ЮНЕСКО деңгейінде де қолдау көрсетілуде. Дегенмен, ең басты рөл – қоғам мен отбасының мойнында. Әрбір ата-ана баласына бесік жырын айтып, дәстүрлі тағамды үйретіп, ұлттық ойындармен сусындатса – бұл үлкен мұраның жібі ешқашан үзілмейді.

–    Бүгінгі басқосудың мақсаты – Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет Қазақстан Республикасында материалдық емес мәдени мұраны қорғау бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алып жатқан ЮНЕСКО жобасын іске асыру. Пилоттық бағдарлама еліміздің  бес өңірін қамтиды, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысы да бар. Бұл жоба Қазақстанның ұлттық деңгейде және халықаралық алаңда материалдық емес мәдени мұрасын қорғау, сақтау және насихаттау бойынша маңызды қадам, – деді ЮНЕСКО сарапшысы, Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеттің мүшесі, профессор Василий Шахгулари.

Айта кетсек, бұрын Ұлттық тізімде 45 элемент бар болса, бүгінде оны 79 элементке дейін арттырды. 

Қазақстаннан 14 элемент Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Олардың алтауы ұлттық сипатқа ие: «Домбырамен күй орындау өнері», «Қазақ күресі», «Асық ату», «Жылқышылардың көктемгі мерекелік салттары», «Ортеке» және «Беташар». 
Сегіз элемент бірнеше ұлттың ортақ мәдени мұрасына жатады: «Киіз үй жасау», «Айтыс», «Наурыз» және «Қатырма», «Қорқыт ата мұрасы», «Тоғызқұмалақ», «Құсбегілік» және «Қожанасырдың әзілдерін әңгімелеу».

Сарапшының айтуынша, дұрыс сақталған және дәріптелген мәдени мұралар туризмді дамытуға, сол арқылы экономиканы қолдауға да үлес қоса алады. Мысалы, ұлттық киімдер, тағамдар, қолөнер бұйымдарына шетелдік туристер үлкен қызығушылық танытады.

Сондықтан бұл – жай ғана өткеннің сарқыншағы емес, болашағымызға жол сілтейтін шамшырақ, ұрпақтар арасындағы рухани көпір. Оны сақтай отырып, біз тек тарихты емес, өзімізді сақтаймыз. Дәстүрін құрметтеген елдің болашағы берік, рухы мықты болмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу