Елімізде жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі қарастырылуда
ҚР Энергетика министрлігі 2023–2025 жылдары Экология және табиғи ресурстар министрлігі, «Самұрық-Қазына» қоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, мұнай өңдеу зауыттары және ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Энергетика министрлігінің Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаменті директорының орынбасары Талғат Мақуовтың айтуынша, тұжырымдама жобасына 50-ден астам компания мен мемлекеттік органнан 1000-нан астам ұсыныс пен ескерту келіп түскен. Бұл ұсыныстар құжаттың нақтылығын арттырып, іске асырылуына жол ашқан.
Қазіргі таңда тұжырымдаманы жүзеге асырудың алғашқы кезеңі басталды. Министрлік 19 іс-шарадан тұратын Жедел іс-қимыл жоспарын әзірлеген. Бүгінде оның 8-і орындалды: мемлекеттік органдар мен компанияларға хабарламалар жіберілді, мұнай өңдеу зауыттарына ай сайын іссапарлар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ МӨЗ жобаларының жол карталары әзірленген.
Алты негізгі басымдық айқындалды:
-
Мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру;
-
Мұнай өңдеу және мұнай химиясы ғылыми-зерттеу институтын құру;
-
«Конденсат» АҚ өндірістік жүктемесін кезең-кезеңімен 50%-ға жеткізу;
-
К5 және одан жоғары экологиялық санаттағы мотор отындарына көшу;
-
Жанар-жағармайдың стратегиялық сұйыққоймасын салу;
-
Мұнай-химия өнімдерін өндіретін жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мүмкіндігін зерделеу.
Сонымен қатар авиаотын өндірісіне ерекше көңіл бөлінуде. Үш ірі МӨЗ жылына 1,5 млн тоннадан астам авиаотын шығаруды жоспарлап отыр. Бұған қоса, жекеменшік зауыттардың әлеуетін арттыру жолдары қарастырылуда.
Саладағы негізгі басымдық – мұнайды терең өңдеу көлемін ұлғайту, ESG талаптарына сай өнім сапасын сақтау және мықты ғылыми база қалыптастыру.
Тұжырымдаманы іске асыру мұнай өңдеу саласының ұзақмерзімді тұрақты дамуына жол ашып, сапалы мотор және авиаотын өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.